Бүгін үшінші мегаполисте жалпықалалық сейсмикалық жаттығу өтті, деп хабарлайды didarbek.kz.
Оған барлық азаматтық қорғау қызметтері, мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар, химиялық қауіпті нысандар, ауруханалар, білім беру ұйымдары қатысты. Аталған оқу-жаттығу кезінде әр мекеменің атқаратын қызметі және міндеті егжей-тегжейлі пысықталып, жер сілкінісі кезінде ұйымдасқан түрде әрі жүйелі жұмыс істеудің үлгісі көрсетілді. Негізгі оқу-жаттығу орны Қаратау ауданы Нұртас шағын ауданындағы тұрғын үй кешені болып белгіленді. Атап айтқанда, сағат 11:00-де Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаментіне шартты түрде қуаттылығы 7 балдық жер сілкінісі болғаны жөнінде хабарлама келіп түсті. Осыған байланысты 157 бірлік дабылқаққыш-сөйлеу құрылғысы, СМС хабарламалар, 26 теле және 3 радиоарнаны ұстап алу құралдары және арнайы мақсаттағы автомобильдердегі жылжымалы дыбыс күшейткіш қондырғыларды пайдалану арқылы қала тұрғындарына қауіпсіз ашық алаңшаларға жиналу туралы хабарланды.
Шартты түрдегі табиғи апатқа байланысты жедел штаб құрылып, оның жұмысына Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жетекшілік жасады. Шартты түрде жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды. Жер сілкінісі салдарынан шартты түрде жартылай қираған мекенжайға Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінен 14 бірлік негізгі, арнайы және қосалқы өрт сөндіру автокөлігі келіп жетті. Бірінші келіп жеткен күштер шұғыл түрде барлау жұмыстарын жүргізіп, тұрғындарды эвакуациялауға кірісті. Тұрғын үйдің 6-шы қабатында шартты түрде шыққан өрт сөндіріліп, автосатылар арқылы 4 адам құтқарылды. Жедел құтқару жасағының 2 кинолог қызметкері Берта және Рой атты иіссезгіш иттерімен қирандының астында қалған адамдарды іздестірді.
Сондай-ақ, мамандар 5-ші қабаттан альпинистік арқанмен шартты түрде зардап шеккен 1 адамды алып түсіп, медицина қызметкерлеріне тапсырды. Жалпы, өрт сөндірушілер жедел құтқару жасағының құтқарушыларымен бірге қирандылардың астынан 40 тұрғынды құтқарып алды. Шартты жер сілкінісіне байланысты 123 эвакуациялық-жинау пункттері құрылды. Қала әкімі жалпықалалық сейсмикалық жаттығу аясында Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп -гимназиясы базасындағы №31 эвакуациялық-жинау пунктінің жұмысымен танысты. Эвакуациялау пунктінің анықтама үстелі барлық қажетті сауалнама деректерін толтырып, жеке басын куәландыратын құжаттарсыз қалған адамдарға көмек көрсетті.
Сонымен қатар шаһар басшысы қала сыртындағы атшабар алаңында орналасқан шатырлы қалашықта болып, ондағы жұмыстармен де танысты. Мұнда қаладан эвакуацияланған тұрғындар шатырларға орналатырылып, оларға мамандар медициналық және психологиялық көмек көрсетті. Қала әкімі М.Әйтенов шатырлы қалашықта жедел штабтың отырысын өткізіп, сейсмикалық жаттығуды қорытындылады.