Шырайлы Шымкентте Халықаралық мейіргерлер күніне орай өңірдің медициналық ұйымдары мейіргерлеріне арналған салтанатты іс-шара өтті. Аталмыш шараға Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков, «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің кәсіптік одағы Республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласы филиалының төрағасы Ерқозы Батырбеков, медицина ұйымдарының бас дәрігерлері және барша мейіргерлер қатысты. Шара аясында денсаулық сақтау саласына үлес қосып жүрген орта буындағы медицина қызметкерлеріне құрмет көрсетілді.
Алдымен аймақтың бас дәрігері Нұрлыбек Асылбеков барша мейіргерлерді төл мерекелерімен құттықтап, өзінің жүрекжарды лебізін білдірген соң, бірқатар сала қызметкерлеріне мерекелік марапаттар табыстады.
Мерекелік шарада «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің кәсіптік одағы Республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласы филиалының төрағасы Ерқозы Батырбеков ақ халатты абзал жандарды кәсіби мерекесімен құттықтап, салтанатты түрде еңбегі еленген мейіргерлерге сала Төс белгісімен, Құрмет грамотасымен және Алғыс хаттарымен марапаттап, кәсіподақ ұйымының марапаттаулары мен сыйлықтарын табыстады.
Медицина саласында өзінің кәсіпқойлығы және адал еңбектері үшін Төс белгісі — Психикалық денсаулық орталығының аға медбикесі Скакова Ғалия Тулеуқызына табысталды. Ал салалық кәсіподақтың Құрмет грамоталарымен №2 Қалалық емханасы медбикесі Сералиева Айдын Каскыровна, №7 Қалалық емханасынан — Ашилова Аимкул Баратбеккызы, №2 оңалту орталығынан — Зулпухарова Жанар Умирзаковна, Мейірім оңалту орталығынан — Елтаева Фарида Амангельдиевна, Қалалық диагностикалық орталығынан — Ойшиева Гульзия Джолдасбаевна марапатталды. Ал Алғыс хатқа №9 Қалалық емханасының медбикесі — Досалиева Райхан Багисбаевна, №4 Қалалық емханасынан — Баймухамбетова Гулбахрам Абдыгалиевна, Залалсыздандыру орталығынан — Байсалбаева Айгуль Мухтаровна, №1 қалалық клиникалық ауруханасынан — Маханбетова Лайла Курманбековна, Қалалық балалар ауруханасынан — Якупова Эльмира Хасанқызы ие болды. Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.