Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ЖЕЛАЯҚ ЖҰПТАР – «МАХАББАТ МАРАФОНЫНДА»

ЖЕЛАЯҚ ЖҰПТАР – «МАХАББАТ МАРАФОНЫНДА»

Биыл шымкенттіктер Халықаралық Отбасы күніне ерекше ықыласпен атсалысты. Аталған мерекеге орай, бүгін Қажымұқан атындағы Орталық стадионда желаяқ жұптар жарысқа түсті. «Махаббат марафоны» атты спорттық эстафеталық жарысқа қаламыздан 30-ға жуық отбасы қатысып, бақтарын сынады.
– Бүгін керемет іс-шара өтіп жатыр. Жарыстың басты мақсаты отбасы институтын нығайту, отбасы құндылығын насихаттау, ерлі-зайыптыларды бірге белсенді спортпен шұғылдануға шақыру болып табылады. Сонымен қатар, бүгінде әлемде ажырасу фактілері өте көп. Осындай спорттық жарыстар арқылы отбасында қарым-қатынасты нығайтуда аз да болса септігіміз тиіп жатса біз қуаныштымыз. Бүгінгі жарыста спорт мектептерінен қатысушылар көп болды. Алдағы уақытта басқа да саланың өкілдері спортқа жақын болып, белсенділік танытады деп сенеміз, – дейді Шымкент қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменов.
Махаббат марафонында ерлі-зайыптылар 2 жас ерекшелігі бойынша, 35 жасқа дейін және 35 жастан жоғары деген санатта қатысып, 2 шақырым қашықтықты жүгіріп өтті.
– «Дені сау отбасы – дені сау ұлт». Біздің отбасының ұраны осындай. Отбасын құрғанымызға төрт жыл болды. Келіншегім екеуміз бірнеше марафонға қатысып үлгердік. Эстафеталық марафонға бірінші қатысуымыз. Бүгін бағымыз шауып, мәреге бірінші жеттік, – дейді Азизхан Камелжанов.
Расында дені саудың – жаны сау. Махаббатта да, спортта да шыныққан жұптар ойын көрігін қыздырып, мәреге қол ұстасып жетті. «Кіл жүйрікте, кім жүйрік» дегендей, жеңімпаздар арнайы медаль және грамоталармен марапатталды.

Айта кетейік, шаһарда бұқаралық спортты дамытуда жүйелі жұмыстар атқарылуда. 2021 жылдың 3 айында қалада дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын азаматтар саны 324 690 адам немесе қала тұрғындарының жалпы санының 30,6%-ын құрады.

Пікір жазу