Шымкент қаласының Дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мекемесі дін мәселесі бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізудің методикасын жетілдіру бойынша семинар өткізді, деп хабарлайды didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Басқосуға Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің профессоры Шамшат Әділбаева, «Ақниет» ақпараттық насихаттау және оңалту орталығы» қоғамдық қорының теолог кеңесшісі Файзулла Тайтелиев қатысты.
Сала өкілдерімен өткен семинарда теріс ағымдардың қаупінен сақтанудың жолы – діни сауаттылықты арттыру қажеттілігі айтылды. Қазіргі уақытта қоғамды алаңдатып отырған басты мәселелердің бірі – жат ағым. Осындай оқиғалардың алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитеті арнайы жоба әзірлеген.
–Шымкентте Дін істері басқармасының ұйымдастыруымен дін мәселесі бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Жұмыс барысында әр түрлі әлеуметтік топ өкілдерімен кездесіп, олардың көкейінде жүген көптеген сұрақтарға жауап береміз. Теолог мамандарға жат ағымда жүрген жастармен жұмыс жүргізудің әдіс-тәсілдерін үйретеміз, – дейді Шамшат Амангелдіқызы.
Айта кетейік, аталған іс-шара 19 мамырға дейін жалғасады. Апта ішінде 22 кездесу бекітілген. Алдағы уақытта аталған профилактикалық жұмыс – Шымкент қаласындағы түзеу мекемесінде жазасын өтеушілерге, кәсіпорын жұмысшылары, мәдениет үйлерінде, этнос өкілдерімен, мешіт жамағаттары, базар саудагерлері, фитнес-клубтардағы жаттықтырушылар мен спортшылар, мектептерде мұғалімдер мен ата-аналар, қалалық полиция департаменті қызметкерлері арасында өтеді.