Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ШЫМКЕНТ: СТУДЕНТТЕР ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫСЫН АЛҒАШ РЕТ МЕКТЕПТЕ ҚОРҒАДЫ

ШЫМКЕНТ: СТУДЕНТТЕР ДИПЛОМДЫҚ ЖҰМЫСЫН АЛҒАШ РЕТ МЕКТЕПТЕ ҚОРҒАДЫ

Қазіргі кезде оқытудың дуальді жүйесі – техникалық және кәсіптік мамандар даярлаудың ең тиімді жолдарының бірі болып табылған. Елімізде бұл жоба қолданысқа еніп, жақсы нәтижесін беруде. Ж. Тәшенев атындағы университет педагогикалық мамандар даярлайтын факультеттерінде алғаш болып осы жүйені пилоттық жоба ретінде тәжірибеден өткізді.
Бүгін университеттің «Педагогика және Филология» факультетінің «Филология» кафедрасының бітіруші түлектері Шымкент қаласының №38 Н.Оңдасынов атындағы мектеп-гимназиясында дипломдық жұмыстарын қорғады.
– Елімізде алғаш рет дуальді жүйе аясында жүргізіліп отырған осынау пилоттық жоба университетіміздің ректоры
Қ. Байболовтың ұсынысымен енгізілді. Әзірге бұл жоба Шымкент қаласындағы 2 мектепте өтіп, келешекте дәстүрге айналады деген сенімдеміз. Бұл университет әкімшілігінің пән мұғалімін даярлау ісін мектеппен тығыз байланыста кеңесе отырып, шешудегі жұмысының жемісі. Диплом қорғау шарасына оқу орнының зерттеуші ғалымдары және тәжірибелі практик мамандар, яғни мектеп мұғалімдері қатысып отыр. Диплом қорғаушы түлектер осы мектепте оқу-тәжірибе жұмысынан өткен шәкірттер. Мақсатымыз теориялық негізді тәжірибемен ұштастыру, – дейді факультет деканы Шынар Ергешбаева.
Бүгін №38 мектепте болашақ қазақ, орыс, ағылшын тілі маманы болатын 10, №29 мектепте педагогика-психология кафедрасынан 6 шәкірт диплом қорғады. Олардың айтуынша осылайша мектепке келіп диплом қорғау студенттердің тәжірибесін шыңдап, мектеп қабырғасына бой үйретуіне, өздерінің қабілет-қарымын көрсетулеріне зор мүмкіндік дейді.
– Біз университетпен тығыз байланыстамыз. Биылғы жаңашылдықты біз де қолдап, мамандарды сырттан іздемей, түлектер арасынан жұмысқа тартамыз. Осы тәжірибе студенттің мұғалім болуға ынтасын, жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді, – дейді №38 Н.Оңдасынов атындағы мектеп-гимназиясы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Айжан Оңласбекқызы.
Айта кетейік, пилоттық жоба Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы мен университет басшылығы арасында жүргізілген меморандумның бір тармағында көрініс тапқан. Онда білім алушыларды кәсіби бағдарлау үшін білім мекемелері мен жұмыс берушінің арасында өзара тығыз байланыс орнату көзделген. Сонымен қатар дуальді оқытудың артықшылығы ең алдымен жас мамандардың жұмысқа орналасуының жоғарғы пайызын көрсетеді.

Пікір жазу