Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов бүгін Shymkenт City шағын ауданында болып, мұнда жаңадан салынатын саябақ құрылысының жобасымен танысты. Жалпы жаңа қалашықтың аумағы 20,4 гектар жерді алып жатыр. Бүгінде шағын ауданды инфрақұрылыммен қамту жұмыстары толық жүргізілуде.
Бұған дейін «Shymkenт City» аумағының даму жоспарына 15 инвестор тартылып, тұрғын үй құрылыстары қарқын алды. Сондай-ақ, заманауи ғимараттар, бизнес кеңселер, әкімшілік-іскерлік орталықтар салуға сырттан да инвестициялық жобалар тартылған.
Сонымен қатар мұнда жеке инвесторлардың қаржыландыруымен жаңадан 300-ге жуық көп қабатты тұрғын үй, әрқайсысы 1200 орындық 3 мектеп, балабақшалар, емхана, саябақ және конгресс-холл құрылыстары жүргізілуде.
Саябақ құрылысына келсек, нысанда көгалдандыру алаңы 164 000 шаршы метрді құрайды. Мұнда 53 балалар ойын алаңшасы, 19 спорттық алаң орналасатын болады.
Сондай-ақ, 2,8 шақырымдық веложол, жасанды көл салынып, 5 мыңнан аса ағаш көшеті, 7 мыңнан аса гүл, 6 мың бұта егу жоспарланған. Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы қала келбеті тағы бір саябақпен көмкеріле түсетінін, қаланы жасыл желекке бөлеу арқылы шаһар тынысы ашыла түсетінін айтып өтті.
Нысан 2025 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Айта кетейік, қала әкімі Мұрат Әйтенов Тұран ауданы тұрғынының гүлзар салу бойынша ұсынысын пысықтау үшін Самал-1 шағынауданына арнайы барды. Белсенді азамат Ералы Күнходжаев бұл бастамасын жуырда қала әкімінің аудан тұрғындарымен есептік кездесуінде көтерген болатын. Мұрат Дүйсенбекұлы қажеттілікті ескере келе Жандосов көшесінің қиылысындағы бос алаңшада гүлзар құрылысын жүргізуге қолдау көрсетті. Ауданның жанашыры жыл соңына дейін демалыс орнының жобалау-сметалық құжаттамасын ұсынатынын жеткізді. Қала әкімі қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасына келесі жылы гүлзар құрылысын бастауды тапсырды. Сондай-ақ демалыс аймағының жобасын жергілікті тұрғындармен бірлесе отырып, бекіту қажеттігін ескертті.