Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » БИЫЛ ШЫМКЕНТТЕ МЕКТЕПТІ 12 МЫҢҒА ЖУЫҚ ТҮЛЕК БІТІРЕДІ

БИЫЛ ШЫМКЕНТТЕ МЕКТЕПТІ 12 МЫҢҒА ЖУЫҚ ТҮЛЕК БІТІРЕДІ

Оқу жылының аяқталуына да санаулы күндер қалды. Биыл Шымкент қаласындағы білім ошақтарында 9 сыныпты 21 485 және 11 сыныпты 11 653 түлек аяқтайды, деп хабарлайды didarbek.kz ақпараттық агенттігі. Әйткенмен соңғы қоңыраудың соғылатын күні маусымға дейін ұзармақ.
Барлық өңірлердің ұсынысы негізінде 9,11 сынып оқушылары үшін «Соңғы қоңырау» 1 маусым болып белгіленді. Ал Білім беру ұйымдарының 11 сынып бітірушілеріне мемлекеттік үлгідегі аттестат 20-22 маусым күндері тапсырылды.
Айта кетейік, білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу мақсатында Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева арнайы бұйрық шығарды. Құжат мәтініне сүйенсек, 2022-2023 оқу жылының аяқталуына орай, бітіруші 4, 9, 11 сыныптардың бітіру кештерін ұйымдастыруына, мұғалімдерге сыйлықтарға және жөндеу жұмыстарына, түрлі себептермен кез-келген мерекелік іс-шараларға, мекемеге қажетті кеңсе заттары мен шаруашылық заттарын сатып алу және тағы басқа мақсатта (оқу кабинеттерін жабдықтау, сыныпқа гүл, кабинеттің гигиеналық құрал-жабдықтары, оқуға керекті кеңсе тауарлары және т.б.) ақшалай және заттай жинауға қатаң тыйым салынады. Сондай-ақ, жоғары сынып оқушылары мен ата-аналарды «Соңғы қоңырау» жиынынан соң балаларының автошерулер жүрулеріне, кешкі мезгілде топталып тойхана, кафелерде көңіл көтеріп тойлауына , қала сыртына шығып атап өтуіне де рұқсат жоқ. Бұл туралы Шымкент қалалық білім басқармасы тарапынан білім беру ұйымдарына ақпараттық түсіндірме жұмысы жүргізілген.
Еске сала кетейік, 2022 жылы қалада 11-сыныпты бітіруші оқушылар саны 11 189 болса, оның ішінде 453 түлек «Алтын белгіге» үміткер. Мектеп бітіруші түлектердің 8 мыңнан астамы Ұлттық бірыңғай тестке қатысты. Ал, 20 оқушы шетелдік жоғары оқу орындарына түсуіне байланысты ҰБТ тапсырудан бас тартқан. Сондай-ақ, білім саласындағы мемлекеттік саясаттың нәтижесінде осы оқу жылында 500-ден астам шымкенттік оқушы халықаралық және республикалық сайыстарда топ жарды.

Пікір жазу