Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » ОҚО-ДА КЕЛЕР ЖЫЛЫ 320 ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАННЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

ОҚО-ДА КЕЛЕР ЖЫЛЫ 320 ӘЛЕУМЕТТІК НЫСАННЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының кезекті он сегізінші сессиясында 2018 жылғы облыстық бюджеттің жалпы көлемі 447,7 млрд. теңге болып бекітілді. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 32,3 млрд. теңгеге өскен.

Бұл жөнінде облыстық депутаттар алдында 2018-2020 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы баяндаған экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Арман Сәбитов мәлімдеді.

Оның айтуынша, облыс бюджет қаржысы кіріс көздерін ұлғайту үшін басымды сала ретінде өнеркәсіп, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығын дамытуға және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталып отыр. Мәселен, білім беру саласына жалпы 42,9 млрд. теңге қарастырылса, денсаулық сақтау саласына 19,5 млрд. теңге, халықты әлеуметтік қолдау саласына 6,9 млрд. теңге бағытталып отыр. Сонымен бірге, мәдениет  және спорт салаларына  17,9 млрд. теңге бөлінсе, тұрғындарды таза ауыз сумен қамту мақсатында 33 жобаны іске асыру үшін  6,0 млрд. теңге қарастырылған. Осының нәтижесінде 16 жоба іске қосылып, 13 елді мекен ауыз сумен қамтылып, жалпы қамтылған елді мекендер саны 636-ға жетеді деп күтілуде.

Сонымен қатар, басқарма басшысы  тұрғын үй саласы бойынша 77 нысанның құрылысына    25,6 млрд. теңге бағытталып, жалпы алаңы 208,6 мың шаршы метрді құрайтын 3 434 пәтерлі 72 үй пайдалануға берілетінін атап өтті.

«Инженерлік — коммуникациялық инфрақұрылым саласы бойынша 20 нысанның құрылысына 1,9 млрд. теңге қарастырылып, 16 нысанды іске қосылу жоспарлануда. Халықты көгілдір отынмен қамту мақсатында 67 нысанның құрылысына 14,4 млрд. теңге қарастырылып отыр. Нәтижесінде 28 елді мекендегі 64 844 адам газбен қамтамасыз етіліп, қамтылған елді мекендер саны 372-ге жететін болады. Және де электр энергиясы бағыты бойынша 12 нысанның құрылысына 2,9 млрд. теңге қарастырылып, 16 елді мекен сапалы электр энергиясымен қамтылады», – деді А.Сәбитов.

Сонымен қатар, сессия жұмысында депутаттар ОҚО жергілікті полиция қызметінің бастығы полиция полковнигі А.Сейдуалиевтің осы жылдың 10 айында атқарған жұмыстарының есебін тыңдады.

Жалпы ағымдағы жылдың 10 айында Жергілікті полиция қызметі бөліністерінің тарапынан облыс аумағында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында бірқатар нақты іс-шаралар жүзеге асырылғанын айтқан полиция полковнигі өңірде орын алған жалпы қылмыстар 12,9 пайызға кемігенін жеткізді. Оның ішінде аса ауыр қылмыстар 6,8 пайызға, ауыр қылмыстар 8,3 пайызға, тонау 9,7 пайызға, бопсалау 15,1 пайызға, зорлау 21,5 пайызға,  бұзақылық 33,3 пайызға, бөтеннің мүлкін ұрлау 11,6 пайызға төмендегенін атап өтті.

Жергілікті полиция қызметі тарапынан атқарылған жұмыстарға қанағаттанарлық баға берген  халық қалаулылары қоғамдық тәртіпті сақтау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұрмыстық қылмысқа қарсы іс-қимыл жасау жөніндегі міндеттерді жетілдіру қажеттігін айтты.

Мәслихат отырысында қаралған 20 мәселенің барлығын байыппен тыңдаған облыс әкімі Ж.Түймебаев бүгінгі сессияда облысымыздың әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси жағдайына едәуір ықпал жасайтын мәселелер талқыланғанын және өңірдің даму жолындағы туындап жатқан мәселелерге бей-жай қарамай, белсенділік танытып отырған депутаттарға ризашылығын білдірді.

«Жоспарлы кезең бюджет жобасын қалыптастыру барысында бірінші кезекте шешуді қажет ететін өзекті мәселелерге мән берілді. Келесі жылы 320 маңызды әлеуметтік нысандардың құрылысы жүргізілетін болады. 10,5 млрд. теңгеге 61 білім беру нысандарының құрылысы жүргізіліп, 46-сы іске қосылады, оның ішінде 9 апатты және 5 үш ауысымды мектептің мәселесі шешіледі. Келесі жылы апатты, жалдамалы және ыңғайластырылған ғимаратта отырған 37 медициналық пункттердің мәселесі шешілетін болады. Сондай-ақ, медициналық ұйымдарды компьютерлік жабдықтармен 100% қамтамасыз ету мақсатында 1,9 млрд. теңге жоспарлануда. Ал кәсіпкерлікті дамытуға 7,9 млрд. теңге көлемінде қаржы қарастырылып отыр»,-деді аймақ басшысы.

Сонымен бірге әкім ауыл шаруашылығын қолдауға жалпы 25 млрд. теңгеден астам қаржы қарастырылғанын, оның ішінде 22,4 млрд. теңгесі субсидияға бағытталғанын айтты. Бөлінген қаржылар аясында келер жылы облыс экономикасының өсімін 2,5 пайызға жеткізу жоспарлануда деді, – Ж.Түймебаев.

Сессия барысында облыстық мәслихат депутаттары Қазақстан Республикасының елордасы – Астана қаласының 20 жылдығына орай, облыс әкімі Жансейіт Түймебаевқа Елбасымен бірге алғашқы болып Астанаға қоныс аударып, ел ордасы – Астананың әкімшілік-іскерлік орталық ретінде қалыптасуына, экономикалық және сәулеттік дамуына, халықаралық аренадағы абырой-беделінің артуына сүбелі еңбек сіңіргені үшін алғыс білдірді.

Сонымен бірге, облыстың әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына сіңірген еңбегі үшін салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіптік одағының «Еңбек даңқы» төсбелгісімен облыстық мәслихаттың депутаты Нұралы Әбішов және облыстың дамуына ерекше сіңірген еңбегі мен қоғамдық өмірге белсенді қатысқаны үшін Оңтүстік Қазақстан облысының Құрмет грамотасымен облыстық мәслихат аппараты тұрақты комиссиялар бөлімінің бас инспекторы Баян Утемалиева марапатталды.

Өз тілшімізден

Пікір жазу