«Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы мерекелік іс-шаралардан бөлек түрлі бағытта қызмет атқарады. Атап айтсақ, «Мәдени және бос уақытты өткізу жөніндегі қызметті ұйымдастыру», «Би ұжымы», «Эстрада және дәстүрлі әртістер ұжымы», «Оркестр ұжымы» және «Шаруашылық-техникалық қамтамасыз ету» бөлімдері үздіксіз жұмыс жүргізуде.
Ал осы қалалық мәдениет үйіне қарасты тұрғын алабтарда 5 мәдениет үйі мен 5 клуб бар. Атап айтқанда Қызылжар, Жаңаталап, Сайрам, Шапырашты, Қазығұрт тұрғын алабтарында 5 мәдениет үйі, сондай-ақ, Ақжар, Қайнарбұлақ, Көкбұлақ, Қаратөбе, Өтеміс тұрғын алаптарындағы 5 клуб халық игілігіне қызмет жасап жүр.
Мәдени нысандардың басты қызметі — талантты жастардың өнерін дамытып, оларға қолдау көрсету, қабілеті мен қызығушылығын арттыру, халыққа сапалы мәдени қызмет көрсету, ұлттық құндылықтарымызды сақтау және насихаттау. Бұдан бөлек, нысандарда түрлі үйірмелер ашылып, талантты балалардың өнерін шыңдап, болашағына қанат бітіруде.
Бүгінде біршама мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткен. Нақтырақ айтсақ, “Жаңаталап”, “Сайрам”, “Шапырашты” мәдениет үйлері мен “Ақжар” клубы күрделі жөндеуден өтіп, жаңа ғимаратта түрлі мерекелік іс-шаралар өтіп келеді. Қалған мәдениет үйлері мен клубтарда жөндеу жұмыстары жоспарға қойылып, ретімен іске асуда.
Бүгіндері қаламыздың мәдениет саласындағы 21 мекемеде 2000-ға жуық маман ұлттың рухани және мәдени интеллектуалдық деңгейін көтеруге, халқымыздың салт-дәстүрлерін сақтауда бар күш-жігерлерін жұмылдырып қызмет етіп келеді. Айта кетейік, 2023-2024 жылдар аралығында Абай ауданын төрт мәдени нысанмен толықтыру жоспарланған. Атап айтқанда, «Шымсити» шағын ауданындағы «Конгресс холл», Көкбұлақ тұрғын алабыдағы «Көкбұлақ» мәдениет үйі, Қайнарбұлақ тұрғын алабының мәдениет үйі және Асар-2 шағын ауданында мәдениет үйін салу үшін жер телімі қарастырылуда.