«Достық» үйінде қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кезекті отырысы өтті. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары, қалалық ҚХА төрағасының орынбасары Қуаныш Асылов төрағалық еткен жиынға кеңес мүшелері, этномәдени бірлестік төрағалары қатысты. Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының ІV сессиясы алдындағы кеңес отырысында бірқатар мәселе қаралды.
Қала әкімінің бірінші орынбасары мемлекеттік саясат аясындағы міндеттерді айтып, ассамблеяның ХХХІІ сессиясында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларға тоқталды.
– Қалалық ҚХА жанындағы қоғамдық құрылымдар өздеріне жүктелген міндеттер аясында ішкі бірлікті бекемдеуге атсалысып келеді. Жыл басынан бері қалалық Ассамблеяның ұйытқы болуымен жүзге жуық іс-шара өтті. Соның ішінде этнос өкілдері жинақы тұратын аумақтарда 70-тен астам ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тұғырлы татулықты ту еткен сан алуан этнос өкілдері қаламыздың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өміріне етене араласып, Шымкенттің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүр. Бүгінде қаладағы этносаралық ахуалдың тұрақтылығы қоғам белсенділері мен бірлесе атқарған ортақ жұмыстың негізгі көрсеткіші. Алдағы айқын мақсаттар жолында бірлескен жұмысымыз одан әрі жалғасын табады, – деді Қуаныш Жұмабекұлы.
Күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша қалалық Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Мұхтар Төлепов хабарлама жасап, Шымкент қалалық ҚХА мен ҚХА кеңесі құрамын толықтыру, этномәдени бірлестіктерді қоғамдық аккредиттеу жөніндегі комиссия құрамын және қалалық журналистер мен блогерлер клубының жаңа төрағасын бекіту бойынша кеңестің келісімін алды.
Сондай-ақ, Қуаныш Жұмабекұлы қалалық ҚХА төрағасының қоғамдық негіздегі орынбасары болған корей этномәдени бірлестігінің төрайымы Роза Пак пен Қазақстан өзбектері этномәдени бірлестіктері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрам Хажимжановқа алғыс айтты. Ендігі кезекті жаңа орынбасар – қалалық армян этномәдени бірлестігінің төрайымы Наира Мовсисян мен ассамблея мүшесі Мадияр Юнусовтың жауапты қызметіне табыстар тіледі.