Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » Шымкентте жылына 262 млн литр сусын шығаратын зауыт салынып жатыр

Шымкентте жылына 262 млн литр сусын шығаратын зауыт салынып жатыр

Шымкент қаласындағы «Жұлдыз» индустриалды аймағында бүгінде «Coca-Cola İçecek» түрік компаниясының қолдауымен алкогольсіз, газдалған және газдалмаған ауыз су сусындарын шығаратын зауыт салынып жатыр, хабарлайды didarbek.kz.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр Шымкент қаласына «Coca-Cola İçecek» түрік компаниясы Қазақстан филиалының директоры Мұстафа Белтекин жұмыс сапарымен келіп, қала әкімі Мұрат Әйтеновпен кездесіп, зауыт құрылысының жобасын талқылаған болатын. Жүргізілген келіссөздерге сәйкес, биыл зауыттың іргетасы қаланып, қазір құрылыс-монтаж жұмыстарының 30%-ы кестеге сәйкес атқарылған. Аталған зауыттың құрылыс барысымен танысу мақсатында қала әкімі Мұрат Әйтенов нысан басында болды. Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, зауыт іске қосылса 100-ден аса жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.

Сондай-ақ кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы жылына 262 миллион литр сусын шығаруға мүмкіндігі бар. Мұрат Дүйсенбекұлы бұл жаңа инвестициялық жобаның жүзеге асуы қаламыздың өндіріс саласына ауқымды серпін беретінін айтты. Зауыт 16 гектар аумақты алып жатыр, құрылысы 2024 жылы аяқталып, өндіріске қосылады.

Айта кетсек, Шымкент қаласында «Euro Tranzit Service Management» көкөніс сақтау қоймасының құрылысы да басталды. Құны 5 миллиард теңге тұратын жобаның құрылысы биыл басталып, қазір қарқынды жұмыс жүргізілуде. Қала әкімі Мұрат Әйтенов аталған сауда логистикалық орталығында болып, қойма құрылысының бет-алысымен танысқан еді. Қазір мұнда құрылыс-монтаждау жұмыстары басталған, сондай-ақ ғимарат негізгі 3 блокқа бөлінеді. Бірінші, 12 мың шаршы метрді алып жатқан тауарды құрғақ сақтау бөлімі, екінші 8 мың шаршы метрлік мұздатқыш бөлігі, үшінші қосымша тауар сақтайтын бөлік. Қойма жылына 240 000 тонна жүк қабылдауға қауқарлы. Сондай-ақ, құрылыс жұмыстары 2024 жылы аяқталып, 80 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.

Пікір жазу