Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов арнайы экономикалық индустриалды аймақтардағы кәсіпорындарды аралады, деп хабарлайды didarbek.kz.
Қазір аймақтар инженерлік инфрақұрылым желілерімен толықтай қамтылуда. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында мақта аралас және киім маталарын өндіру жобасы іске асырылуда. Жобаның инвестиция көлемі 1 млрд. 980 млн. теңгені құрайды, шамамен 120 жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Фабрика жобалық қуаттылығына сай жылына 4 млн. метр мата шығарады. Кәсіпорын 2024 жылдың наурыз айында іске қосылады деп жоспарланған. Дайын өнімдер ішкі нарыққа және экспортқа шығарылады. Қазіргі уақытта бұл жобаға ЖСҚ әзірленіп, жер бөлу жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы жобаларының жалпы құны 163,5 млрд.теңге болатын 56 жобадан тұрады, олар 5 582 жұмыс орнын құруды көздейді. Оның ішінде жалпы инвестиция сомасы 58,4 млрд. теңгеге 35 жоба іске асырылып, бұған дейін 2 507 жұмыс орны ашылды. Ал «Жұлдыз» индустриалды аймағында жыл соңына дейін инфрақұрылыммен қамтамасыз етілетін бірінші кезекте 31 инвестициялық жоба бар. Мұнда инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүріп жатыр. Мәселен, «Юг Ойл Про» битум зауыты, автоклавты газбетон өндірісі, ПВХ ішкі және кәріз жүйелерін, үйлерге арналған жаңбыр суағарларын өндіру, шыны әйнек шығаратын зауыт, темірбетон өндіру ісі қолға алынған. Жоспар бойынша аталған кәсіпорындар жыл соңына дейін қажетті инфрақұрылыммен қамтылып, толық іске қосылуына мүмкіндік беріледі. Еске сала кетсек, қазір шаһарда жалпы ірілі-ұсақ 1 541 кәсіпорын бар.
Оның 1479-ы шағын, 44-і орта және 18 ірі кәсіпорын. Ал, Еңбекші мен Әл-Фараби ауданы өндірушілердің саны бойынша көш бастап тұр. Қалада негізінен өңдеу өнеркәсібі қарқынды дамыған. Бұл саланың негізін тамақ, мұнай, минералдық өнімдер өндіру, машина жасау, фармацевтикалық өнімдер мен препараттар өндіру және металлургиялық өнеркәсібі құрайды. Өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің үлесі 2018 жылғы 424 миллиард теңгеден 2022 жылы 821 миллиард теңгеге дейін немесе 1,9 есеге өскені байқалды. Нәтижесінде биыл Шымкент республикада бірқатар өңдеу өнеркәсібінің өнімдерін өндіру бойынша көш бастады.
Айталық, елімізде өндіріліп жатқан мақта майының 98,8%-ы, мақта маталарының 93,2%-ы, дәрі-дәрмектер – 40,5%-ы, мұнай өнімдерінің – 36,7%-ы, шыны ыдыстардың – 36,7%-ы, өңделген шай мен кофеның – 33,9%-ы, цемент клинкерлер – 31,1%-ы, портландцемент – 24% және тазартылған күнбағыс майы – 23%-ы Шымкентте өндіріледі.