Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ТӘЖІКСТАННАН КЕЛГЕН ДЕЛЕГАЦИЯ ШЫМКЕНТ ТАРИХЫМЕН ТАНЫСТЫ

ТӘЖІКСТАННАН КЕЛГЕН ДЕЛЕГАЦИЯ ШЫМКЕНТ ТАРИХЫМЕН ТАНЫСТЫ

Шымкентте Тәжікстан Республикасының мәдениет күндері өтіп жатыр. Таңертең «Көрме» орталығында ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және ұлттық өнер көрмесі, ал Қажымұқан атындағы Орталық стадионда ауыл шаруашылығы және ұлттық тағамдар жәрмеңкесі өтті.
Бауырлас елден келген делегация 2200 жылдық тарихы бар Шымкент қаласының тарихымен де танысты. «Шымқала» тарихи — мәдени кешеніне Тәжікстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Хакимзода Курбон бастаған делегация келді.
Қонақтарға қала әкімі Мұрат Әйтенов жылы лебізін білдіріп, меймандостық танытты. Делегация құрамында Носирзода Жабор — Тәжікстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары, Сафарда Бахтиёр — Индустрия жане жаңа технологиялар министрінің орынбасары, Холмация Рустам — Тәжікстан Республикасы Үкіметі жанындағы Туризмді дамыту комитетінің орынбасары бар.
Қонақтарға экскурсияда тарихи және мәдени ескерткіштер, қазақтың қолөнершілер ауылында ұлттық бұйымдар мен тағамдар таныстырылып, гид-экскурсоводтар археологиялық қазба орындардың терең тарихынан хабардар етті.
— Шымкент қаласы өте қонақжай және халқы еңбекқор екен. Бүгінгі көрме-жәрмекеде бізді жылы қабылдады. Екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстардың орнағанына 30 жыл толуына орай өтіп жатқан іс-шара ертең де жалғасады. Барша шымкенттіктерді өнерпаздарымыздың концерттік бағдарламасын тамашалауға шақырамыз. Екі елдің достығы нығая берсін, — деді Тәжікстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министірлігінің өкілі Файзиахмад Амонов.
Кездесуде қонақтарға елімізге белгілі қолөнер шебері Болат Бейсбековтің қолынан шыққан туындылар табысталды.
Ертең Қазақстандағы Тәжікстан Республикасының мәдени күндері аясында бауырлас елдің өнер және мәдениет жұлдыздарының қатысуымен салтанатты кеш «Түркістан» сарайында өтеді.

Пікір жазу