Шымкент қаласында «Мерейлі отбасы – 2023» ұлттық байқаудың қалалық кезеңінің жеңімпазы анықталды. Аталған жоба бойынша қаламыздың бес ауданы атсалысып, 178 отбасы қатысуға ниет білдірген. Нәтижесінде Бейсбековтар отбасы Астана қаласында өтетін республикалық байқауға жолдама алды.
Ұлттық байқаудың мақсаты – бір шаңырақ астында берекелі өмір сүрудің маңыздылығын арттыру, отбасылық өмір салты, ата-аналық парыз, жауапкершілік секілді ұғымдарды ел санасына сіңіру, әсіресе, жастарға жеткізу, жарасымды жанұя құндылығын кеңінен насихаттау болып табылады.
– Отбасы — қай заманда да болмасын ел болашағы жастарды тәрбиелейтін ыстық ұя. Сондықтан отбасы институтының іргесін ныйғайту арқылы болашағын жарқын ете аламыз. «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, өнер көрсеткен барша отбасыларды шын жүректен құттықтаймын. Отбасыларыңыз аман, жұртымыз тыныш болсын», — деді марапаттау сәтіне қатысқан Шымкент қаласының Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Мұратжан Шотанов.
Байқаудың шарты бойынша үш кезең бар. Алдымен аудандық деңгейдегі конкурста үздік деп танылған отбасының құжаттары қалалық комиссия отырысында қаралады екен. Бұл туралы басқарманың Жастармен жұмыс жүргізу және отбасы құндылықтарын насихаттау бөлімінің басшысы Қадірхан Арысбеков айтып берді.
– «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы биыл 10-шы рет өткізілуде. Бұл жобаның бір ерекшелігі – әрбір отбасы бағалы сыйлықтармен марапатталады. Байқау кезеңінде барлық аудандарда комиссия отырысы тікелей эфирде жүргізіліп, іріктеу кезеңінің қорытындысында әр ауданнан 4 үміткерден анықталып, 20 отбасы қала әкімі Мұрат Әйтеновтың атынан арнайы алғыс хаттармен марапатталды, – деді Қ.Арысбеков.
Айта кетейік, байқаудың шарты бойынша аудан әкімдіктері маусым-шілде айларында іріктеу өткізген. Абай ауданынан – 37, Әл-Фараби ауданы – 34, Еңбекші ауданы – 39, Қаратау ауданы – 34, Тұран ауданынан – 34 отбасы өтінім білдірген. Былтыр 128 отбасы құжат өткізген болса, биыл өтінім білдірушілердің саны артып, 178 отбасы байқауға қатысуға құжат тапсырған.