Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ЖАСТАРДЫ ҚОЛДАУ – ТҰРАҚТЫ ДАМУҒА ЖОЛ АШАДЫ

ЖАСТАРДЫ ҚОЛДАУ – ТҰРАҚТЫ ДАМУҒА ЖОЛ АШАДЫ

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауы биыл да 1 қыркүйек күні өтті. Парламент Палатасының бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауының басым бөлігі экономикалық және әлеуметтік мәселелерге арналды.
Мемлекет басшысы жастар саясатына қатысты бірқатар маңызды мәселелерге де тоқталып өтті. Соның ішінде жастарды дамыту мен оларды қолдауға арналған бағдарлама қажет екенін ескертті. Президент жаңа Жолдауында: «Елімізді инновациялық жолмен дамыту үшін Астанада және Алматыда қажетті экожүйе қалыптастыруға мән беріліп отыр. Бірақ мұнымен шектелуге болмайды. Мен аймақтарға барғанда дарынды әрі ойы ұшқыр, яғни креативті азаматтармен үнемі кездесемін. Біз олардың өз әлеуетін толық ашуына жағдай жасауымыз керек. Аймақтағы жоғары оқу орындарының негізінде біртұтас инновациялық экожүйе құру қажет. Оны нақты сектормен тығыз ынтымақтаса отырып жүзеге асырған жөн. Бұл жұмысты әрбір облыс орталығында жүргізу керек. Астана хабының тәжірибесін кеңінен пайдаланған жөн, – деді.
Ресми ашылғанына көп уақыт бола қоймаған Astana hub халықаралық IT стартаптар технопаркі жақсы нәтижелер көрсетіп отырғаны мәлім. Бұл жоба жастардың кәсіпкерлікке алғашқы қадамдарын жасауда берер мүмкіндігі зор екендігін көріп келеміз. Қазіргі таңда технопарк стартаптарының біразы шетелдік кәсіпкерлерге тиесілі. Бұл – отандық экономикаға өте тиімді. Өйткені олардың жобалары мемлекетке салық төлеп, елімізде жұмыс орынының көбеюіне үлес қосады. Одан бөлек әлемдегі үлкен Nokia, Huawei сынды корпорациялар өкілдіктерін ашып, жас кәсіпкерлерге бағыт-бағдар беріп отырады. Былай айтқанда, Astana hub кәсіпкерлер мен мемлекет арасындағы модератор.Технопарк жұмыс алаңымен қамтамасыз етіп, үлестіруші қызметін атқарып келеді. Мұндай жүйе еліміздің басқа да қалаларында ашылып, қолдауға ие болатын болса, білімді жастарымыздың дамуына, мықты жобалардың іске асуына зор мүмкіндік туатыны сөзсіз.
Мемлекет басшысы: «Біз бүгін алдағы реформалардың бағыт-бағдарын айқындап алдық. Енді мемлекетімізді және қоғамның барлық саласын жаңғырта түсуге тиіспіз», –деп Жолдауды қорытындылап, бірлікпен іс атқаруға шақырды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті Жолдауын қолдай отырып, өз үлесімізді қосып, бірлікте қызмет етуге дайынбыз.
Гүлнәр МАМАШАРИПОВА,
«Халықаралық қатынастар және халықаралық құқық» кафедрасының доценті

Пікір жазу