Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » БАС РЕДАКТОРЛАР КЛУБЫНЫҢ ОТЫРЫСЫ

БАС РЕДАКТОРЛАР КЛУБЫНЫҢ ОТЫРЫСЫ

Оңтүстік Қазақстан облысында «Өңірдегі ақпараттық саясатты жүргізудің басым бағыттары» деген тақырыппен облыстық бас редакторлар клубының отырысы өтті. Облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібековтың төрағалығымен өткен шараға республикалық және облыстық БАҚ өкілдері қатысты. Жиында Президенттің Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы, «Рухани Жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласы және Астана қаласының 20 жылдығы аясында атқарылатын шаралар талқыланды.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Елбасы қойған тапсырмаларды орындауда бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесіп жұмыс атқару маңызды екенін атап өтті.

«Елбасы биылғы Жолдауында дамыған елдердің қатарына қосылып, озық мемлекетке айналу үшін негізгі он міндетті нақтылап берді. Аталған бағыттар бойынша атқарылатын және атқарылған жұмыстарды халыққа жеткізуде Сіздердің рөлдеріңіз орасан зор. Осы орайда, Жолдау – елде жүргізіліп жатқан жаңғыру үдерістерінің логикалық жалғасы екенін және еліміздің даму стратегиясымен, Ұлт жоспарымен, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласымен ұштасатынын түсіндіріп, бағыт сілтеу керек», – деді Ұласбек Сәдібекұлы.

Сондай-ақ, жиында рухани жаңғыру бағдарламасын жас буынның бойына сіңіру мақсатында өңірдегі мектептер мен колледждерде арнайы факультативті сабақатарды енгізу турасында ой қозғалды. Осыған орай өңірде арнайы әдістемелік құралдар да әзірлену үстінде.

Одан бөлек, Астана қаласының 20 жылдық мерейтойын атап өту кезінде атқарылатын бірқатар жұмыстар таныстырылды. Айтулы мереке қарсаңында жыл соңына дейін облысымызда көптеген іс-шаралар өткізілмек. Сондай-ақ, аудан, қалаларда «Астананың 20 жылдығы» атындағы жаңадан саябақтар мен аллеялар салынып, бірқатар әлеуметтік нысандар пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Жиын соңында БАҚ өкілдері жоспарды орындау барысында өздерінің ұсыныстарымен бөлісіп, атқарылатын жұмыстардың жайын ақылдасты. Сөз соңында форум жұмысына сәттілік тілеген Ұ.Сәдібеков ел дамуына өз үлестерін қосып отырған барша БАҚ өкілдеріне алғысын білдіріп, жаңа міндеттерді бірлескен түрде жүзеге асыруға сенім білдірді.

Өз тілшімізден

Пікір жазу