Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрлігі, Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің ұйымдастыруымен Астана қаласында өткен «Ұлы Даланың Ұланымын» республикалық жас ақындар айтысында Оңтүстіктің Қазақстан облысының жас ақыны Нұрғали Əнапия бас жүлдеге ие болды.
Астана қаласының жəне Қазақ Ұлттық Өнер университетінің 20 жылдығына орай өткізілген дүбірлі додаға еліміздің түкпір-түкпірінен 14 ақын қатысып, шалқыған шабытпен бекзат өнер – айтыстың абыройын асқақтатып, өлең сөзбен түйін түйген болатын.
Елбасымыз Нұрсұлтан Əбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында еліміздегі рухани құндылықтарды дəріптеп, оларды жырға қосқан жас ақындар еліміздің ажарына айналған Астана қаласы мен өнерлі жастардың томағасын сыпырып, қанат қақтырған ордалы оқу орнының 20 жылда жеткен жетістіктері мен жасампаз келешегін де сұңғыла сөзбен көрермен жүрегіне жеткізді.
Айтыстың бірінші айналымында Қазақ Ұлттық Өнер университетінің студенті Бек Шматпен айтысып, жоғары нәтижеге қол жеткізген жас ақын екінші сында Ақтөбе облысының дүлдүлі Əлихан Жақсылықпен тартысып оза шықты.
Шымкент қаласының 2017 жылғы «Ең жас ақыны» номинациясының иегері атанған Нұрғали Əнапия Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің екінші курсында оқиды. Алты жасынан бастап айтысқа қатысып, облыстық, республикалық, халықаралық додаларда сөз зергерлігін танытып жүрген айтыстың жас сөз зергері Б.Өтеп атындағы «Өнер» мамандандырылған мектеп-интернатының түлегі. Жетекшісі – аталған мектептің айтыс пәнінің мұғалімі Бекмұрат Анарбаев.
Күнгей өлкенің даңқын асқақтатып, дарындар даралығын таныта білген жас ақынға шалқар шабыт, жемісті жетістіктер тілейміз!
Мәдина Айтпенбетова