Шымкент қаласындағы Алаштың арысы Ахмет Байтұрсынұлы мен батыр Абылай Әлімбетов атындағы көше қиылысында көшенің атауы жазылған тақтайша жерде жатыр.
Қаладағы адам аяғы мен көлік ағыны үзілмейтін негізгі көшенің бойындағы елге еңбегі сіңіп, қазақтың атын танытқан азаматтардың есімі бар тақтайшаны көтеруге ешкімнің құлқы жоқ па, әлде уақыты жоқ па? Кезінде қазаққа бағыт сілтеген Байтұрсыновтың аты жазылып, бүгінде сол маңнан өткенге жол сілтеп тұрған тақтайшаның құлап жатқанына аптадан асқан екен.
Көше аты жазылған бағдаршаның неден, қалай құлағанын ешкім нақты білмейді. А.Байтұрсынұлы мен А.Əлімбетов көшесінің қиылысындағы көше атауының қалайша құлап қалғанын сол маңайдағы тұрғындардан сұрап көрсек, бірі өткен аптадағы аязды желдің салдарынан десе, енді бірі көлік келіп соққанын, жол апатынан құлап қалғанын айтады.
Шымкент тұрғындары: «Бір апта бойына жерде құлап жатқан көше атауына жауап беретін кім, олар қайда қарап отыр?» – деп наразылығын білдірді.