Бүгінгі таңда аудан аумағында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында “Таза-өлке” күніне орай ұйымдастырылған көгалдандыру жұмыстарының қарқыны күн санап артуда.
Аудан орталығындағы «Абай» және «Тәуелсіздік» саябақтарына 2000-ға жуық көшет егілсе, Шолаққорған -Түркістан бағытындағы «Жасыл белдеу» аумағына жаңадан егілген тал көшеттерінің саны 4000-ға жуықтады.
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков әр күні «Жасыл белдеу» аумағында болып, санитарлық тазалық пен көгалдандыруға қатысты жұмыстарды жіті бақылауда. Бүгін аумаққа арнайы барған аудан басшысы жаңадан егілген тал көшеттерін шарбақпен қоршап, тамшылатып суару қондырғысын орнату шараларын пысықтады.
Айта кетейік, Шолаққорған -Түркістан бағытындағы жолдың екі жанын қосып есептегенде, «Жасыл белдеудің» жалпы аумағы 10 шақырымды құрап, онда бүгінге дейін егілген көшеттердің саны он мыңнан асты.