Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ШЫМКЕНТТЕ 190 БАҒДАРШАМ НЫСАНЫНДА ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ КӨЛІК ЖҮЙЕСІН ЕНГІЗУ ЖОСПАРЛАНҒАН

ШЫМКЕНТТЕ 190 БАҒДАРШАМ НЫСАНЫНДА ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ КӨЛІК ЖҮЙЕСІН ЕНГІЗУ ЖОСПАРЛАНҒАН

Бүгінде Шымкент ерекше қарқынмен өсіп, тұрғындар саны да жылына артып келеді. Бұл әрине ,қаланың жол инфрақұрылымына үлкен салмақ түсіреді. Себебі, автокөлік көбейіп, нәтижесінде кептеліс орын алады. Сондықтан, көшелердің сапалы, қауіпсіз, оңтайлы болуы маңызды.
Шаһарда осы бағытта қаланың 10 көшесінде жол бөлігінің қызмет ету мерзімін ұзарту үшін қайта өңдеу технологиясы қолданылып, 8 көшеге микросерфейсинг технологиясы енгізіледі. Айта кету керек, микросюрфейсинг технологиясының ерекшелігі суды сіңірмейді, жол сораптарын болдырмайды, жолдың пішінін түзейді, автомобиль көлігінің қозғалыс барысындағы шуылын азайтады. Аталған жол жабындысы ауыр салмақтың түсуіне төзімді келеді және 5 жылға дейін жөндеу жұмыстарын қажет етпейді.
Сонымен қатар, қаланың орталық көшелеріне «қалқымалы» қақпақтар орнатылмақ. Бұл кәріз қақпақтарының істен шығуына және көлік жүктемесіне байланысты олардың бұзылуына жол бермейді.
Шымкентте жолдарды күтіп ұстау, жаңғырту да негізгі жұмыстардың бірі. Осы бағытта бірқатар қолданыстағы автомобиль жолдары мен тротуарларға ағымдағы жөндеу жұмыстары қолға алынған. Сондай-ақ, жол белгілері, бағдаршамдар орнатылып, жаңартылуда.
Жалпы, қалада қоғамдық көлік сапасын жақсарту мақсатында түйткілді мәселелер рет-ретімен шешімін тауып келеді. Сонымен бірге, қоғамдық көлік аялдамаларын жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Бүгінде қала аумағында 1886 аялдама бар. Оның 500-і жаңа.
Ал, жыл соңына дейін қосымша 4 мың жол белгісі, 39 бағдаршам орнатылмақ. Сонымен бірге, 10 мектеп жанынан трапеция тәрізді жаяу жүргіншілер өткелдері орнатылады деп жоспарлануда. Кейбір қауіпті учаскелер, мектептер мен балабақшалардың маңына 1500 метр жасанды жол кедергілер қойылады.
Тағы бір маңызды іс-шараның бірі- жыл соңына дейін 190 бағдаршам нысанында интеллектуалды көлік жүйесін енгізу жоспарлануда. Ол жол қиылыстары мен көлік өткізу қабілетін арттыратын болады. Өйткені, заманауи қаланың нәтижелі әрі қарқынды дамуы үшін оның талаптарын қанағаттандыра алатын көлік жүйесі болуға тиіс. Осыған орай жоспар бойынша 2026 жылға қарай қаладағы барлық бағдаршамдар толық интеллектуалды көлік жүйесі ITS-ке қосылады.

Пікір жазу