Aппарат мәжілісінде бірқатар маңызды мәселелер көтерілді. Онда инфрақұрылым жүргізуге тартылған мердігер мекемелердің жұмысы талқыланды, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қазылған жолдардың міндетті түрде қалпына келтірілуі тиіс екенін, мұндай сапасыздыққа жол берген мердігерлердің қылмыстық жауапкершілік тартылатынын жеткізді.
Сонымен қатар, жиында қала әкімінің орынбасары Айдын Кәрімов мегаполистің 4 айдағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткішіне тоқталды. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 250,6 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,5 пайызға артты.
Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек оқушыларды жазғы демалыспен қамту мәселесін баяндады. Биыл жалпы білім беру ұйымдарындағы оқушылардың 94 пайызын жазғы демалыспен қамту жоспарлануда.
Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев қала әкімінің тұрғындармен кездесуіндегі хаттамалық тапсырмалардың орындалуын баяндады. Халықпен кездесу барысында 65 мәселе көтеріліп, бүгінде оның 30-ы орындалған, қалғаны орындалу барысында.
Қала әкімі жауаптыларға бюджет қаражатын барынша тиімді жұмсап, жұмыс көлемі мен сапасын арттыруды ескертті.
© Didarbek.kz