Aудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, ұзақ жыл журналистика саласында із қалдырып жүрген Төреғали Ташеновті қабылдады. Аудандық мәслихаттың өткен жылғы шешімімен берілген «Созақ ауданының Құрметті азаматы» атағын табыстап, құрмет көрсетті, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Созақ Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
— Ең алдымен қазыналы өлкеміздің жеткен жетістіктеріне қолдау білдіріп, ауданымыздың бүгінгі келбеті мен Тәуелсіз еліміздің дамуы жолында қосқан айрықша үлесіңіз үшін алғысымды білдіремін. Көргені көп, түйгені мол ел ағасы ретінде жастардың бағыт-бағдарына кеңес беріп келесіз. Ұшқыр қаламыңызбен талай дүниелерді қамтып, ақпарат саласының үздігі атандыңыз. Қай уақытта болмасын шығармашылық жолында мол табыстарға кенелуіңізге тілектеспін,-деді аудан басшысы.
Төреғали Әліпұлы 1962 жылы Шолаққорған ауыл округі, Қарабұлақ елді мекенінде дүниеге келген. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі медалімен марапатталған. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР «Мәдениет қайраткері» атағының иегері.
© Didarbek.kz