Арыс қаласында Түркістан облысыдағы тұңғыш кадет сыныбы ашылды. Жастарды өз Отанын сүюге, ел тыныштығын күзету мен ұлттық әскер сапында адал қызмет атқаруға баулитын сыныпқа Арыс қаласында қызмет бабында қаза болған полиция капитаны Бибасар Отарбековтің есімі берілді, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Арыс Қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сыныптың ашылу салтанатына қала әкімі Гүлжан Құрманбекова, Түркістан облысы Полиция департаментінің тәрбие және кадр саясаты басқармасының бастығы, полиция полковнигі Мақсат Аскаров, Арыс аудандық полиция бөлімі бастығы, полиция подполковнигі Бауыржан Куатов пен зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау саласының ардагерлері, жас патриоттар мен ата-аналары қатысты.
Іс-шара барысында ел тыныштығын күзете жүріп, қарақшылар қолынан жұлдызы ерте сөнген Бибасар Отарбековтің өмір жолы туралы деректер айтылып, жиналған көпшілікке оның ерлігі дәріптелді. Мемлекеттік әнұран орындалып, полиция капитаны, «Қызыл жұлдыз» орденінің иегерін бір минуттық үнсіздікпен еске алды.
«Бүгін Арыста ел тыныштығын күзетіп, қызмет барысында қаза тапқан полиция капитаны Бибасар Отарбеков атындағы кадет сыныбы ашылып отыр. Полиция капитаны ел тыныштығын уақытпен санаспай күзетіп, сол жолда ерлікпен қаза тапты. Болашақта осы сыныпты бітірген жастардың ішінен халықтың тыныштығын күзетіп, елдің ертеңіне адал қызмет ететін ұрпақ қалыптасады деп сенемін,» — деді қала басшысы Гүлжан Мамытқызы.
Бұдан кейін кадет сыныбының алғашы 25 мүшелері өз Отанының ержүрек, әрі батыл қорғаушысы болуға дайындалумен қатар, әрдайым ізденуге, оқуда озат, елінің патриоты ретінде қатарластарына үлгі болуға ант берді.
Жиынға арнайы қатысушы қонақтар кадет сыныбын ашудағы мақсат – ең алдымен жас ұрпақты отансүйгіштікке, патриотизмге тәрбиелеу болса, сонымен қатар, мектептегі құқықбұзушылықтың алдын алуға және өскелең ұрпаққа болашақ мамандығын таңдауға ықпал ететіндігін айтып, жылы лебіздерін білдіріп сәттілік тіледі.
Бибасар ағамыздың аяулы жары Сапакүл Отарбекова ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, өткенін ұлықтап, өшкенін қайта жаққан жерлестерімен мақтанатынын айтты.
Жаңа кадет сыныбы қаламыздағы белді оқу ордаларының бірі Ә.Жангелдин мектебі ішінен ашылды. Сыныпты керек-жарақпен жабдықтауға жергілікті кәсіпкер Азамат Байбосынов демеушілік жасаған.
Айта кетейік, Бибасар Отарбеков 1990-шы жылдары ел күзетінде жүріп, қарақшылардың қолынан қаза тапты. Әскери борышын Германияда өтеп, ол жақтан «Үздік офицер» атанды. Әскерден оралған соң, еңбек жолын теміржол саласынан бастаған. Кейін ішкі істер саласына ауысып, Алматыда арнаулы оқу орнын бітіріп, лейтенатын шенін алды. 1990 жылы «Үздік учаскелік инспектор» атанды. Сол жылы, қызмет бабында жүріп қылмыскерлердің қолынан қаза тапты.
Капитан Бибасар Отарбековті соңғы сапарға бүкіл Арыс қаласы барлық әскери құрметпен шығарып салды. Ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды. АІІБ ғимаратында оның құрметіне мемориалдық тақта орнатылған.
37 жастағы учаскелік инспектордың артында алты кішкентай баласы қалды: екі ұлы және төрт қызы. Қазіргі таңда олардың барлығы адал, еңбекқор болып өсті. Бибасар Отарбековтың бір ұлы әке ізімен жүрді. Арыс АІІБ қызметкері.
Шымкент қаласы полиция департаментінің музейінде қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан қызметкерлерге арнайы экспозиция орнатылған. Мұнда капитан Бибасар Отарбековтің Қызыл Жұлдыз ордені мен фотоқұжаттары сақталған.
© Didarbek.kz