Аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің қолдауымен аудандағы 15-ке жуық ерекше балаларға табиғат аясындағы демалыс пен фотожоба ұйымдастырылды. Таң сәріден бастау алған жоба аясында балалар өлкенің таңғажайып табиғатын қызыға тамашалады, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Созақ Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аудан орталығындағы С. Қожанов атындағы тарихи-өлкетану музейі мен көрікті орындарда аса тәжірибелі фотографтар түсірілім жасады. Әртүрлі бағыттағы киім үлгісімен ерекшеленген балалар әсем суреттерге куә болып, ерекше әсерге бөленді.

Табиғат аясында өткен игі шараға арнайы барған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ерекше балалармен бірге естелік суреттерге түсіп, қуанышты сәттерін бөлісті. Онда келген барша ата-аналар мен белсенділік танытқан балаларға алғысын білдірді. Баланың бір күндік қуанышы қоғамда өздерін еркін сезінуіне серпін беретінін айтып өтті.
Шара аясында тек түсірілім жасалып қана қоймай, ата-аналар мен балалар ақ дастархан басында бас қосты. Осындай шараның ұйымдастырылуына атсалысқан азаматтарға ата-аналар тарапынан алғыстар айтылды.

Айта кетейік, «Сен, ерекшесің» фотосессиясы — мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған тең қоғамды дәріптейтін медиа жоба . Фото жобаның авторы — Әсел Бимырзаева. Алдағы уақытта аталған жобаның қорытындысы аудан орталығында өтіп, түсірілген фотолардан көрме ұйымдастырылады.
© Didarbek.kz