«Жасыл аймақ» апталығы басталғалы Шымкент қаласының жер-жерлерінде ағаш отырғызу жұмыстары жалғасуда. Тұран ауданына қарасты Металлургтер саябағының ашық жерлеріне де 100-ден аса қаратал егілді. Ағаш отырғызу жұмыстарына Тұран ауданы тұрғындары мен аудан әкімі аппаратының қызметкерлері, өнер адамдары және еріктілер қатысты.
Саябақтағы тал егу жұмысы көңілді өтті. Оған себеп, көгалдандыру жұмысының көрігін Шымкент қалалық әзіл- сықақ және сатира театрының әзілкеш әртістері қыздырды. Олар тек әзілдесіп жүрмеді, тал екті, ағаш түбін қопсытып, әкетеді.
«Көңіл-күй өте керемет! Өйткені ертең біз еккен талдардың, жайқалып өскен гүлдердің арасында біздің көрермендер қыдырып, өздерінің көңіл-күйлерін көтереді деген үміттеміз»-дейді өнер саңлақтары.
Ағаш отырғызу адам өміріндегі ең маңызды істердің бірі деп санайтын Тұран ауданында жаңадан қалыптасып келе жатқан ауданды көріктендіру жақсы жолға қойылған. Сауабы мол іске бастамашы аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен осы уақытқа дейін аудан көлемінде 1000 тал егілген.
Ендігі мақсат, еккен тал-тарақтарды күтіп ұстап, жайқалып өсуіне күш салу.
Еске салсақ, Президент тапсырмасымен қолған алынған республикалық «Таза Қазақстан» акциясы 5 аптаға жалғасады. Шымкенттіктер шара соңына дейін тазалық жұмыстарына белсенді қатысып, қаланың көркеюіне үлестерін қосуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен қалалардың әкімдеріне аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жөнінде бірқатар тапсырма берген болатын. Оның ішінде cу тасқынына ұшырамаған облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру науқанын бастауды тапсырды. Сонымен қатар жолдарды ретке келтіру міндеті жүктелген еді. Осыған орай елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталған болатын. Науқан 5 аптаға созылады. Айта кететін жайт әр аптаның тақырыбы және мақсаты бар.