Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ВИЦЕ-МИНИСТР ШЫМКЕНТТІҢ ӘЛЕУМЕТІМЕН ТАНЫСТЫ

ВИЦЕ-МИНИСТР ШЫМКЕНТТІҢ ӘЛЕУМЕТІМЕН ТАНЫСТЫ

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келді.
Мегаполистің әлеуметтік қызметтерін қолдау, қызметтер қолжетімділігін арттыру мақсатындағы іс-сапарын вице-министр Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «Белсенді ұзақ өмір орталығы» жұмысымен танысудан бастады.
Орталықты аралап, зейнеткерлердің ұсыныс-тілектерін тыңдаған вице-министр, орталықтың жиналыс залында үкіметтік емес ұйымдарының өкілдерімен, жұртшылықпен, әлеуметтік мекемелер ұжымдарымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында вице-министр Министрлік жұмысының негізгі бағыттарына тоқтала келе, жаңа әлеуметтік саясаттың іске асырылуы туралы баяндады. Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру шаралары туралы, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру,көп балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау, зейнетақы, жәрдемақыдағы өзгерістер жайын айтты. ҚР инклюзивті саясат тұжырымдамасының іске асырылуы, әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін трансформациялау, халыққа әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының қызметін цифрландыру әділ қоғамды дамытатын факторлар екенін айтты.
– Жаңа әлеуметтік кодексте арнаулы әлеуметтік қызметтердің жан басына шаққандағы нормативтерін 2025 жылдан бастап енгізу қарастырылған. Министрлік әкімдіктермен бірлесіп 2025 жылға дейін ересектер мен балаларға арналған оңалту орталықтарын салу бойынша жұмыс жүргізуде. Оңалту орталықтарының құрылысы өңірлердің, оның ішінде шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарының сапалы арнаулы әлеуметтік қызметтер алуына жағдай жасайды. Мүгедектігі бар мыңдаған адам денсаулығын нығайтып, жағдайын жақсарта алады. Сондықтан бұл жобаларды іске асыру жергілікті және орталық органдар өкілдерінің ерекше бақылауында болуы тиіс», — дейді Назгүл Сағындықова.
Сондай-ақ, кездесу барысында вице-министр ана мен баланы әлеуметтік қолдау, мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшерін баяндады.
Айта кететін болсақ, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтіміне байланысты жәрдемақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзартылды. Әлеуметтік кодекстің қабылдануымен марапатталған аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері де өсіп, мүгедектігі бар баланы кәмелетке толғанға дейін тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы мөлшері орта есеппен 14,5 %-ға артқан.

Пікір жазу