Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының бастамасымен Қазақстан шахмат федерациясы, Шымкент қаласы мәслихатының ұйымдастыруымен әуесқойлар арасында шахмат турнирі бастау алған болатын. Іріктеу турниріне қатысуға Шымкент қаласы мәслихатының депутаттары Қоғамдық кеңес мүшелері, ардагерлер, қоғам белсенділері мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінен 120 дан аса өтінім келіп түскен. Шахматшыларды іріктеу барысында 7 мүшеден құрылған төрешілер алқасы ойыншыларды қадағалады, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Интеллектуалды ойынның қорытындысы бойынша қатысушылар командалық және жекелей 1, 2, 3 – орындармен марапатталды. Сонымен төрешілер шешіміне сәйкес жеке құрамда сайысқа түскен Әл-Фараби ауданынан Сейтжан Джаханов 1-ші орынды иеленсе, 2-ші орын Абай ауданынан сынға түскен Нұрсұлтан Жұмадуллаевқа бұйырды. 3-ші орынға Әл-Фараби ауданынан қатысқан Сұлтан Садықов жайғасты. Ал командалық есепте 1-ші орын Әл-Фараби ауданы, 2-орын Абай ауданы, 3-ші орын Қаратау ауданына бұйырды. Барлық шахмат ойынына қатысқан жеңімпаздарға арнайы диплом, медаль табыс етілді.
Ынталандыру марапаттары бойынша депутаттар, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, қоғам белсенділері және әйелдер арасында үздік көрсеткіш иелері мен зейнеткерлер арасында үздік деп танылған қатысушылар арнайы грамотамен марапатталды. Сондай-ақ интеллектуалды ойынның қатысушыларына сертификат берілді.
Іріктеуден өткен 25 үздік шахматшыға 18 маусым күні қала күніне орай Шымкент қаласында өтетін өңірлік жартылай финалға жолдама берілді. Жартылай финалдан өткен жеңімпаздар алдағы уақытта Астана қаласында өтетін финалдық ойындарда бақтарын сынайды.