Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ШЫМКЕНТТЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЕМИНАР-ПРАКТИКУМ ӨТУДЕ

ШЫМКЕНТТЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЕМИНАР-ПРАКТИКУМ ӨТУДЕ

Қазіргі білім кеңістігін заманға сай ақпараттық технологияларсыз елестету мүмкін емес. Бүгінгі ұстаздардың алдында оқушыға білім, біліктілік дағдыларын игертіп қана қоймай, қабылдауын, ойлауын, ерік-жігерлерін, яғни өз бетімен жұмыс жасай білетін, бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны дамыту міндеттері тұр. Осыған орай, қаламыздағы Ы.Алтынсарин атындағы N 65 мектеп-гимназиясы шаңырағында «Оқытудағы инновациялық әдістер мен жаңа ақпараттық технологияларды қолдану» тақырыбында халықаралық семинар-практикум өтуде.
Бұл жолғы семинар «Көркем еңбек», «Бейнелеу өнері» пәнінің ұстаздарына арналған.
Халықаралық практикалық семинарға Қырғызстан республикасы және еліміздің білім беру ұйымдарының «Көркем еңбек» және «Бейнелеу өнері» пәндерінің мұғалімдері, ЖОО орындарының оқытушылары, әдістемелік орталықтардың әдіскерлері қатысты.
-Семинардың мақсаты жеке тұлғаның қалыптасуын және кеңістіктік — образдық ойлауын, көркем-технологиялық білімін визуалды және эстетикалық қабылдауын, сыни ойлауын дамыту, ұлттық және әлемдік материалдық мәдениет пен өнер шығармаларымен таныстыру, өнердің түрлері мен жанрлары туралы білімдерін және шығармашылықпен жұмыс жасау дағдыларын меңгерту бойынша тәжірибе алмасу,- дейді Шымкент қаласы Әдістемелік орталығының директоры міндетін уақытша атқарушы Бикен Умарова.
Семинарда электронды білім беру ресурстарын пайдалана отырып, замануи сабақты ұйымдастырудағы инновациялық тәсілдерін қолданудағы көркем еңбек, бейнелеу өнері және технология мұғалімдерінің тәжірибелері туралы баяндамалары тыңдалып, түрлі көрмелер, қырғыз-қазақ ұлттық киім көрсетілімдері ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, ұйымдастырушылар алдағы уақытта Ы.Алтынсарин атындағы мектеп осындай әдіс-тәсілдерді тарататын базалық мектеп ретінде жұмыс істейтінін жеткізді.

Пікір жазу