Бүгін Шымкенттегі Қаратау дәстүрлі өнер мектебінде КІТАП LIVE 2024 кітап оқу байқауының ақтық кезеңі өтті. Байқауға 300-ден астам оқушылар қатысып, түрлі кезеңдерден іріктелген мықтылар финалда бас қосқан. Талай жастың зейінін ашып, қазақ әдебиетімен сусындауына септігін тигізген байқауға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек арнайы қатысып, оқушыларға сәттілік тіледі, деп жазады «Шымкент келбеті» газетіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
–Кітап бітпейтін байлық, таусылмайтын қазына. Баланың кітап оқығаны дұрыс екендігін білеміз. Кітап мидың көкжиегін кеңейтеді. Кітап оқыған бала арманшыл, қиялшыл болады. Кітап оқыған бала ешқашан қатігездікке бармайды. Осы тұрғыдан келгенде бүгінгі өткізіліп отырған байқаудың үлкен мәні бар. Сондықтан бүгінгі байқауды ұйымдастырушы Қаратау дәстүрлі өнер мектебіне және демеушілік жасап отырған KEREGE GROUP компаниясына шын жүректен алғысымды білдіремін. Қатысушыларға сәттілік, шын жүйріктер жүлделі болады деп сенемін, – деді Сәрсен Абайұлы.
Байқауға қатысушылар алдымен әлеуметтік желіде сайысқа түскен. Екінші кезеңге өткен оқушылар Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» кітабының желісі бойынша тест тапсырған болатын. Тестке қатысқан 300 оқушыдан іріктеліп, ақтық сынға 22 үміткер жолдама алған. Сайдың тасындай іріктелген жеңімпаздар сахнада Абай Құнанбаевтың таңдаулы жырларын, қара сөздерін, поэзиясын оқып, көрерменді әдеби әлемге жетеледі. Мұнан кейін сахнадағы сандықшада арнайы жасырылған сұрақтарға жауап берді. Сан жүйріктің ішінен оза шапқандарды анықтау қазылар алқасының еншісінде.
Айта кетейік, байқауға елге белгілі журналистер, айтыскер ақындар қазылық етті. Жеңімпазға «iphone 15» смартфоны бұйырмақ.