Қашанда дана халқымыз елін, жерін қорғаған батырлардың іс-әрекетін ұлықтап, қастерлеген, сол үшін де «Отан қорғаушы» сөзінің мағынасы қасиетті ұғымға ие. Олар әрқашан батылдықтың, ерліктің, адалдықтың бейнесі бола білді.
Осы бір қасиетті істі кәсіпке айналдырып, бүкіл өмірін елдің амандығы мен тыныштығын күзетуге арнаған офицерлер қандай құрметке болса да лайық екені сөзсіз.
6698 әскери бөліміндегі сыры мен сыйластығы бөлек офицерлер қатарында 3 атқыштар ротасының командирі қызметін атқарып жүрген капитан Тлеубаев Жанболат Өскенұлы да бар.
1991 жылы 21 желтоқсанда Ташкент қаласында дүниеге келген Жанболат Өскенұлының ата-анасы қызмет бабымен көрші ел Өзбекстанға келген болатын. 2005 жылы отбасы елге оралған соң, Сарыағаш ауданына қарасты Дарбаза елді мекенінде №70 мектепте оқуын жалғастырады. 11 сыныпты үздіктер қатарында аяқтаған Жанболаттың бар ойы офицер болу еді. Алматы қаласындағы жоғары әскери оқу орнына құжат жинап жүргенде, барлық құжаттарын жоғалтып алады.
Арманның алғашқы қадамын аттаймын дегенде, үкілген үміттің соңғы жібі үзілгендей болды. Бала жанының емшісі — ана қашанда қасынан табылады емес пе, сағы сынған ұлына анасының: «Ұлым алға қойған арман, мақсатыңнан ешқашан бас тартпа, талпына берсең ол міндетті түрде орындалады» деген сөзі демеу болды. Физика пәні бойынша тегін оқу грантына оқудан бас тартып, қарапайым қызметке кетеді.
Алғашында ағаш маманы болып бастаған ол, алып ғимараттар бой көтеріп қарқынды индустрия жүріп жатқан қаладағы құрылыстың басқа да тұстарын шебер меңгеріп, қалың еңбекке араласты.
Алайда Жанболаттың ойға алған мақсаты айқын еді, қалайда әскери адам болу.
Осылайша құжаттарын қайта жинап, араға 2 жыл салып жоғары әскери оқу орны Петропавл қаласындағы Ұлттық ұлан институтының курсанты болу бақыты бұйырды. 2015 жылы 3 курсты аяқтап, ротамен бірге Астана қаласындағы 5573 әскери бөліміне тағлымдамадан өтуге барады. Офицерлік тәжірибеден өтіп жүрген күндердің бірінде сол кездегі Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-майор Жақсылықов Руслан Фатихұлымен кездесудің сәті түседі. Курсанттардың барлығын жинап, Бас қолбасшы өзінің басынан өткен қызықты оқиғаларды, қиындықтарды әңгімелеп берді.
Алпауыт елдер қатарында тұрған мемлекетіміздің болашағын, оның тыныштығын, жері мен шекарасының тұтастығын күзету жолында офицер ретінде өздеріне артылған халық аманатын арқалап, қызмет етудің қаншалықты жауапты іс екенін қарапайым сөзбен ғана түсіндірді.
Сұхбат соңында Бас қолбасшы барлығының қолын алып тұрып: «Мына біздің орнымызды басатын, ел мен жердің амандығына жауап беретін болашақ генералдар сіздер боласыздар»,-деді.
Сол бір кездесуден кейін Жанболаттың ойынан Бас қолбасшысының айтқан әңгімесі, артқан сенімі еш кетпеді. Қалайда офицер болып, еліме адал қызмет етемін деп түйді. Жанболат аталған оқу орнын командалық-тактикалық басқару мамандығы бойынша 2016 жылы аяқтап, алғашқы офицерлік шенін алып, әскери қызметке қадам басты. Еліміздің шығыс өңірінде 6 жылдан аса қызмет етіп, 2022 жылы шырайлы Шымқалаға оралды. 6698 әскери бөлімінің 3 атқыштар ротасының командирі болып тағайындалды.
Айдауылдау бойынша жауынгерлік қызмет атқаратын ротаның құрамы тек қана келісімшарт бойынша әскери қызметшілерден тұрды.
Осы уақытқа дейін басым бөлігі 18 жасты енді алқымдаған мерзімдік қызметтегі жас сарбаздардың дайындығымен айналысқан Жанболатқа бұл ротаны басқару әлдеқайда оңайға түсті.
Дегенмен тұтқындалғандар мен сотталғандарды айдауылдау бойынша жауынгерлік қызметтің жауапкершілігінде ешкімнің босаңсуға болмайтындығын бәрі жақсы түсінді. Әрбір қызмет барысында барлық жеке құраммен жеке өзі нұсқаулық өткізбей шығармайтын.
Кеңес Одағының маршалы, Ұлы Отан соғысы кезіндегі қолбасшы, төрт мәрте Кеңес Одағының Батыры Георгий Жуковтің «Армияны мен және сержанттар басқарады» деген сөзін үнемі жадында ұстайтын капитан Тілеубаев Жанболат ротадағы білікті, тәжірибелі сержанттарды ұтымды басқара білді.
3 атқыштар ротасының жеке құрамы әскери бөлімде ғана емес, өткен жыл қортындысының нәтижесінде «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылықтың айдауылдау роталары арасында 1 орында жеңіп алған болатын.
Әрине осы тұста рота командирі капитан Тілеубаев Жанболаттың еселеген еңбегін айтып кетпеске болмас.
Жары – Гүлнар Жанболат секілді жауынгерлерді емес, еліміздің болашағы бүлдіршіндерімізді балабақшадан баулитын тәрбиеші.
Ешқандай уақытқа қарамай, күні-түні қызметте жүретін Жанболаттың жұмысын жақсы түсініп, балалары Дидар, Айару мен Даринаның тәрбиесін өз ептеп келеді.
Елінің қамын жеген әрбір әскери қызметшіге бүгінде барлық жағдай жасалған. Капитан Тілеубаев Жанболаттың жанұясы да мемлекеттік бағдарлама арқылы өткен жылы ғана баспаналы болып қоныс тойларын өткізді.
Адуынды ақын Мұхтар Шахановтың: «Отан біздің ең үлкен анамыз. Әркім Отанына көрсеткен қызметіне жылу дәметпеуі тиіс. Ол — оның азаматтық борышы» деген сөзін құптайтын Жанболат секілді офицерлер тұрғанда Отан мен отбасының тыныштығы берік қолда екеніне кәміл сенеміз.
капитан Шынжігітова Малика
6698 әскери бөлімі