Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қаланы жаяу аралау барысында, ерекше қорғалатын табиғи аймақ саналатын дендросаябаққа кіру уақытын ұзарту бойынша тапсырма берді.
А. Асқаров атындағы дендросаябақ — шаһарда маңызды саналатын орындардың бірі, тұрғындар үшін таптырмас тынығу аймағы. Күннің аптап ыстығында қала тұрғындары да, қонақтар да осында келіп, серуендеп, тал көлеңкесін саялайды. Сонымен бірге күн сайын таңертең денсаулығына бейжай қарамайтын шымкенттіктер кәрі-жасына қарамай саябақта дене шынықтырумен айналысады.
Сол себепті тұрғындардың өтінішін ескере отырып, саябаққа кіру уақытын таңғы 05:00 ден түнгі сағат 00:00 ге дейін ұзарту бойынша шешім қабылданды.
Енді А.Асқаров атындағы дендрологиялық саябағы алдағы уақытта жоғарыда көрсетілген уақыт бойынша жұмыс істейді.
Сонымен бірге, қаланы абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Шымкент қаласында ағымдағы жылы 1 млн дана біржылдық гүл егу жоспарланып отыр. Бүгінде қаланың орталық көшелері, айналма жол, жол бұрылыстары және вазондарда гүл отырғызу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Атап айтқанда, Бәйдібек би және Т.Рысқұлов көшелерінің қиылысында орналасқан «Хан қорғанына» 45 мың дана сальвия және антирринум біржылдық гүлі егіледі. Гүлдер композициясы казақи нақыштағы ою-өрнек пішінінде көмкеріледі.
Ал, Еңбекші ауданында орналасқан №1 автожол бойындағы айналма жолға петуния, тагетес, катарантус сияқты жалпы саны 48 мың біржылдық гүл отырғызылады. Қаланың көрнекті орындарының бірі — Кабанбай батыр даңғылы мен Анаров көшесінің қиылысы, теміржол вокзалы тұсындағы айналма жол маңында да көріктендіру жұмысы жүргізілуде. Бұл аумақ шафран, сальвия және целозия секілді біржылдық гүлдермен толығып жатыр.
Гүлдер арнайы ұңғыма арқылы суарылады. Бүгінде қарқынды жүргізіліп жатқан көріктендіру жұмысына мердігер мекемелердің арнайы агроном мамандары мен техникалары жұмылдырылған.