Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ШЫМКЕНТ АППАРАТ МӘЖІЛІСІНДЕ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

ШЫМКЕНТ АППАРАТ МӘЖІЛІСІНДЕ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен өткен аппараттық мәжілісте Қаратау ауданы тұрғындарымен кездесулердегі хаттамалық тапсырмалардың орындалуы және су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары баяндалды. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында атқарылған жұмыстармен қатар кенелерге қарсы санитарлық өңдеу шаралары талқыланды.
Аудан әкімі Р.Мүлкеманов халықпен кездесулерде көтерілген жол, қоғамдық көлік, инфрақұрылым, көгалдандыруға қатысты мәселелердің шешімін жеткізді. Қала басшысы халықпен кері байланысты нығайтып, аталған проблемаларды оңтайлы шешуді тапсырды.
Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қ. Базарбаев су айдындарындағы қауіпсіздікті қамту бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. Бұл ретте жауаптыларға қауіпті су айдындарында арнайы белгілер орнату бойынша және қала аумағындағы барлық су бұрқақтардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде нақты тапсырмалар берілді.
Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысының міндетін атқарушы Т.Мекамбаев кенелерге қарсы санитарлық өңдеу шараларын жеткізді. Сала басшысына бұл ретте саябақтарда залалсыздандыру жұмыстарын атқару тапсырылды.
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында 142 мыңнан аса адам, 962 өндірістік пен кәсіпкерлік нысан, 603 әлеуметтік нысан қатысты, 6311 бірлік техника жұмылдырылды. Науқан барысында 6 мың шақырымнан астам көше, 5 мың шақырымнан астам аяқ жол, 724 шақырымнан астам ирригациялық жүйе, канал мен арық тазаланып, нәтижесінде 5671 тонна қоқыс шығарылды.
Қала әкімі тиісті сала басшысына тазалық жұмыстарын тоқтатпай, алдағы уақытта да осы бағыттағы шараларды жүйелі атқаруды тапсырды. Сонымен қатар, басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне халыққа берілген барлық уәделерді дер кезенде орындау қажеттігін ескертті.

Пікір жазу