Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » Шымкентте жер учаскелерін мемлекет мұқтажына алуға қатысты барлық мәселе қаралады

Шымкентте жер учаскелерін мемлекет мұқтажына алуға қатысты барлық мәселе қаралады

Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Жиынға қатысқан Шымкент қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Өмір Қалыбаев мұндай мәселелер өтемақы шешімімен келіспейтін тұлғаларға қатысты туындайтынын жеткізді.

«Мысалы, Қонаев даңғылының жалғасын салу жобасы бойынша 100-ге жуық жер учаскесін мемлекет мұқтажына алу мәселесі толық шешілген. 37 нысанның ішінде төрт-бесеуі ғана өтемақымен келіспей, сотқа жүгінген. Сот шешімімен қосымша сараптама тағайндалды, екі нысанның бағасына 2-3 млн теңге қосылды. Дегенмен, соттың шешімімен есеп-шоттарына ақша аударылса да иелері келіспей, үйлерінен шықпай қойды. Осыған байланысты сот орындаушылармен барып, сот шешімі орындалды», – деді Өмір Қалыбаев.

Жиында Шымкент қаласы прокурорының аға көмекшісі Нұржан Нұрланұлы мұндай мәселелердің қалада аз емес екеніне тоқталды. «Мысалы, Арғынбеков көшесі 2014 жылы пайдалануға берілді. Ал осы уақытқа дейін сол жолдың бойында он жыл бойы мемлекеттік мұқтажға алынбаған жер учаскелері бар деген мәлімет бар. Осындай келеңсіздіктің алдын алу үшін жергілікті атқарушы орган тарапынан мемлекет мұқтажына жер учаскелерін алу мәселесін жүйеге қою керек, ол үшін тиісті басқармалар арнайы іс-шаралар жоспарын түзуі керек», – деді Нұржан Нұрланұлы.

«Жуырда қала әкімдігі аппаратынан тапсырма берілді. Енді тиісті басқармалардан жер учаскелерін мемлекет мұқтажына алуға қатысты барлық мәселе талқыланып, қарауға ұсынылады. Оған қоса тиісті жер учаскелеріне ревизия жасап жатырмыз», – деді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Өмір Қалыбаев. Жиын соңында Кеңес төрағасы Мелес Сейтжанов Кеңес мүшелерінің ұсынысымен: — тиісті басқармаға мемлекет мұқтажына алынатын жер учаскелерінің меншік иелерімен өзара іс-қимыл жасау не келіспеушіліктер туындаған кезде келісу комиссияларының алаңында талқылау мүмкіндігінің болуын түсіндіруді;

— Кеңесте қаралған мәселелерді қарау үшін әкімдік басқармаларымен тиімді өзара іс-әрекет ету бойынша қала әкімімен кездесу ұйымдастыруды; — сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына келісім комиссиясының құрамына Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасының өкілін, Палата жанындағы Өңірлік кеңес мүшелерін қосуды ұсынды.

Пікір жазу