Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » Шымкентте нашақорлық пен есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес айлығы басталды

Шымкентте нашақорлық пен есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес айлығы басталды

Шымкент қаласында Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне арналған айлық іс-шаралар басталды. Біріккен ұлттар ұйымы Бас ассамблеясының 1987 жылғы шешімімен 26-маусым — Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күні ретінде белгіленді. Содан бері, жыл сайын бүкіл дүние жүзінде, оның ішінде біздің елімізде бұл мерейлі күн ерекше атап өтіліп келеді.

Бұл күн қоғамның назарын нашақорлықтың әлемдік проблемасына, оның салдары мен оны жеңуге бағытталған, күш-жігерін осы мақсатқа аударуға арналған. Бірнеше жылдан бері бұл күн қарсаңында елімізде бір ай бойы, яғни 26-мамырдан бастап 26-маусымға дейін есірткіге қарсы және нашақорлықтың алдын алу мақсатында түрлі профилактикалық іс-шаралар өткізілуде.

Дәстүрге айналғандай, осы жылғы кезекті іс-шаралар 26-мамырда бастау алды. Аталған айлық іс-шараға орай, 24-мамырда Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Сәденов Ержан Сапарбекұлының төрағалығымен нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық штабтың отырысы өтті. Іс-шараға бейнеконференциялық байланыс режимінде барлық мүдделі мемлекеттік органдардың, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстар әкімдіктерінің өкілдіктері қатысты. Оның барысында нашақорлықтың алдын алу және есірткінің заңсыз айналымымен күрес бағытындағы атқарылған жұмыстар, алдағы уақыттағы басым міндеттер мен жоспарланған іс-шаралар туралы сөз қозғалды. Сондай-ақ, алдағы уақытта өтетін айлық іс-шараларға белсенді қатысу ұсынылды.

Іс-шара қорытындысымен, Шымкент қаласы әкімдігінде өңірлік деңгейде айлық профилактикалық жұмыстарды өткізу барысы талқыланып, жауаптыларға бірқатар тапсырмалар жүктелді. Атап өту қажет, бүгінде осы айлық іс-шараларды Шымкент қаласында іске асыру мақсатында арнайы жоспар бекітілген. Соған сәйкес, мамыр-маусым айларында нашақорлықтың алдын алу бағытындағы жалпыға ортақ іс-шараларды кезең-кезеңімен атқару көзделуде.

Пікір жазу