Құрметті төлебиліктер!
Сіздерді түркі халықтарының ұлық мерекесі – Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймыз!
Наурыз – жылдың басы, күн мен түннің теңелер шағы. Тамырын тереңнен тартқан осынау мейрам – береке мен бірліктің, тазалық пен татулықтың тұғырын нығайтып, риясыз шаттық пен қуанышқа кенелтер ұлы мереке.
Алыс кеткен ағайынды қауыштырған, араз жандарды татуластырып, қайта табыстырған, дін мен тілге бөлмейтін Наурыз мейрамы – егеменді елімізді ұйыстыра түсетін айтулы мереке.
Бүгінде Әз-Наурыз Отанға деген шынайы сүйіспеншілікті – ұлттық сананы орнықтырды. Ал, рухы мықты халықтың бақыты қашанда баянды болады. Осындай игі дәстүрді ұрпақ бойына молынан сіңіруге тиіспіз.
Көктемнің алғашқы айы Наурыз – жаңа дәурен мен жақсылықты айшықтайтын, әрі өткенді саралап, ертеңгі күнді бағамдайтын, болашаққа бағыт-бағдар жасайтын ерекше сәт. Табиғат – Ананың оянып, тіршілік атаулының түлейтін кезеңі. Сондықтан, тіршілік жаңаратын Наурызда жақсылыққа ұмтылу әрбір адамды бақытқа, игілікке жеткізеді.
Қадірлі жерлестер!
Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз баршаңызға жақсылық сыйлап, шаңырақтарыңызға құт-береке әкелсін! Әрбір күндеріңіз қуанышқа, көңілдеріңіз нұрға толсын! Ұлыс оң болып, ақ мол болсын! Еліміз, әрбір жанұя шаттыққа бөлене берсін! Баршаңызға табыс, бақыт, жақсылық тілейміз.
Ізгі ниетпен,
Аудан әкімі Б.Парманов
Аудандық мәслихат хатшысы Н.Қойбағаров