Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ШЫМКЕНТТІК ҰЛАНДАР БАЛАЛАРДЫ МЕРЕКЕМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

ШЫМКЕНТТІК ҰЛАНДАР БАЛАЛАРДЫ МЕРЕКЕМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні. Болашағымыздың берік тірегі — балғын балалардың мерекесін бүкіл әлем елдері тойлайды. Пәк күлкісі сыңғырлаған балалардың өмірін қорғау, оларға сапалы білім, саналы тәрбие беру, адамгершілікке, адалдыққа үйрету, бақытқа толы балалық шағын жарқын ету үшін үлес қосуға қоғамның әрбір азаматы мүдделі.
Шымкенттегі Ұлттық ұланның 6698 әскери бөлім жауынгерлері де осы бір мерейлі мерекені елеусіз қалдырмады. Әскери қызметшілеріміздің балаларына мерекеге орай қуаныш сыйлады. Шымкент қаласында орналасқан «Аватария» ойын-сауық кешеніндегі балаларға арналған ойын алаңдарын бір сәтке балалардың қуанышына арнады. Жауынгерлеріміздің 200-ге жуық баласы қатысқан мерекелік шараға әскери қызметшілеріміздің өздері де қатысты.
Ойын-сауық кешенінің алдынан балаларды арнайы сыйлықтармен күтіп алған әскери бөлімнің қыздары мерекені ұйымдастыруға барынша ат салысты, тәттілерден дастархан жасады. Асыр салып, ойнақтаған балғын балалар ата-аналарымен бірге отбасылық спорттық сайысқа да қатысты. Өнерлі балалар ән айтып, би билеп, мерекені одан әрі қыздырды. Мерекелік шарада балалар мен олардың ата-аналарын бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары майор Утенов Арман Калмуратович құттықтап: «Балалардың бір күні емес, әр күні мереке болуы тиіс. Олардың өмірінің қауіпсіз болуына, білім нәрімен сусындатып, еліміздің батыл ұландары етіп тәрбиелеуге біз Отан қорғаушылар да үлес қосуға міндеттіміз. Ел қорғап жүрген әрбір жауынгердің отбасының, балаларының бақытты болуы біз үшін үлкен маңызға ие.
Сондықтан жыл сайын әскери қызметшілеріміздің балалары үшін мереке ұйымдастыру біздің ұжымда дәстүрге айналған. Еліміздің ертеңі болар еркелерімізді, олардың ата-аналарын бүгінгі мерекемен құттықтаймын!»,- деді. Айта кетейік, балаларға арналған шараны ұйымдастыруға әскери бөлімнің ардагерлер кеңесі де қолдау көрсетті. Шара соңында ата-аналар балаларға қызықты кеш ұйымдастырғаны үшін бөлім басшылығына алғысын білдірді.

Пікір жазу