Шымкентте жыл басынан бері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде инсульт алған 700-ден астам адам медициналық оңалту шараларымен қамтылды. Науқастардың аяққа тұрып, қалыпты өмірге қайта оралулары үшін МӘМС есебінен оңалту көмегін көрсетуге 168 миллион 387 мың теңге қаржы жұмсалған.
Бұл туралы ӘМСҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Сәбит Құралбек БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында айтты.
Шымкентте жалпы МӘМС шеңберінде ересектер мен балаларға медициналық оңалту көмегіне қолжетімділік артқан. Бүгінгі таңда кардиологиялық, неврологиялық, ортопедиялық және жалпы оңалту шаралары мен травматологиялық, пульманологиялық бағыттар бойынша 72 медициналық ұйым көмек көрсетеді. Реабилитацияның көмегімен өздері жүріп, қалыпты өмірге оралған азаматтар қаншама. Емдеу мекемелері былтыр 400 мыңға жуық оңалту шараларын көрсеткен.
Шымкентте тұрғындардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде қамтылу қарқыны артуда. Бүгінгі таңда 927 579 азамат, яғни халықтың 82,1 пайызы сақтандырылған. Оның ішінде жеңілдік санатындағы 700 мыңнан астам адамның жарнасын мемлекет төлеуде. Сақтандырылмаған азаматтар саны 220 731.
-Қордың басты мақсаты халықты сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекпен қамту. Дегенмен, бүгінгі таңда МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған әлеуметтік осал топты азаматтардың жағдайы ерекше назарда. Шымкент қаласы бойынша жағдайы өте мүшкіл Е санатындағы 9555 адам тіркелген. Жарна төлеуге мүмкіндігі жоқ азаматтарды медициналық көмекпен қамту бағытында ауқымды шаралар атқарылуда, — дейді ӘМСҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Сәбит Құралбек.
Қазіргі таңда барлық жауапты басқармалар тарапынан әлеуметтік осал топты азаматтардың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған ауқымды жұмыстар қолға алынған. Жаңа жұмыс орындарын құру, мемлекеттік қайтарымсыз грант және кәсіптік оқыту арқылы жұмыссыз адамдарды қамту және денсаулығына байланысты жұмысқа қабілетсіз бірақ, мүгедектік тағайындалмаған азаматтарды емдеу мекемелері медициналық –әлеуметтік сараптамалық комиссия қарауымен қамтамасыз ету көзделген.