«Бейнелеу өнер мұражайы» төрінде «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасының аясында XIV TURKSOY ұйымына мүше елдер фотосуретшілерінің кездесуінде түсірілген фотосуреттерден жасақталған көрменің салтанатты ашылуын біраздан бері асыға күткен жерлестеріміз аз емес. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын оңтүстікқазақстандықтардың таң атпай Абай саябағындағы мұражайға ағыла бастағанының сыры да осында жатыр ма деп қалдық. Оның үстіне, бір емес, бірнеше азаматтарымыздың есімі Түркі әлемі майталмандарының қатарында аталуы – бәріміз үшін үлкен мәртебе. Болашағынан көп үміт күттірер сондай есімдердің бірі – Мақсат Шағырбаев. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев ашып берген көрменің сахнасында Мақсаттың әкім қолынан алған сый-сияпаты – көпжылғы қажырлы еңбегінің нәтижесі деп білеміз.
«Жігітке жеті өнер де аз» екенін жақсы ұғынған халықтың бір баласы биік тұғырдан көрінгеніне шынында да қуанып қалдық.
Өз тілшімізден