Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ҚҰТТЫҚТАУЫ

ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ҚҰТТЫҚТАУЫ

ҰЛЫС ОҢ БОЛСЫН, АҚ МОЛ БОЛСЫН, АҒАЙЫН!

Құрметті оңтүстікқазақстандықтар!

Әз-Наурыз – Ұлыстың Ұлы күні, қазақ даласына шуағын шашып келгенде бүкіл тіршілік атаулыға жан бітіп, ерекше күйге енеді.

Наурыз – ежелден келе жатқан мейрам. Тамыры тереңге кеткен әз-Наурыз қай кезде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі. Ұлы даланың биік рухымен, тәңірге сиынған тәккәппар мінезінен басталатын Наурыз – халқымыздың тірлігі мен бірлігінің, ырысы мен берекесінің көрінісі,  биік рухымыздың, өрелі мәдениетіміз бен өнеріміздің, салт-дәстүріміздің, тіліміз бен діліміздің өзегі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Дін мен тілге бөлмейтін Наурыз мейрамы тәуелсіздік жылдары ұлысты ұйыстыра түсті. Бүгінде ол – еліміздегі ең үлкен мереке» деген сөзі Наурыздың қанатын кен жаюына тың серпін берді.

Тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуымен бірге Наурыз мейрамы да барлық қазақстандықтар үшін жалпыхалықтық мерекеге айналды. Көктем мезгіліндегі күн мен түннің теңелуін ежелден ата-бабаларымыз Ұлыстың ұлы күні деп атаған.

Наурыз – жыл басы ғана емес, бұл ең алдымен ізгілік пен жақсылықтың мейрамы. Наурыз – рухани тазару мен үйлесімнің, бейбітшілік пен берекенің символы.

Ұлыстын ұлы күнінде адамдар бір-біріне деген өкпе-ренішін ұмытып, кешірімге келіп, татуласқан. Мол дастарқан басында ақжарқын көңілмен жүздесіп, жеті түрлі дәмнен тұратын наурызкөжеден дәм татқан. Шуақты мерекеде тал көшеттері егіліп, бұлақ көзі ашылатын болған. Көктемнің жаңару күнінде айнала тазартылып, топыраққа дән түскен.

Бүгінде ежелгі мейрам біздің жаңарған қоғамымызбен үйлесім тауып, Отанымыздағы достық пен келісімді нығайтуда маңызды рөлге ие болды.

Наурыз – халықтың жігерін тасытатын, қайратын арттыратын, ұлттық сана-сезімін оятатын құбылыс.

Наурыз айының 21-нен 22-іне қараған күн мен түннің теңесер тұсындағы ежелгі мейрам халқымыздың салтындағы қонақжайлылықты, ынтымақтастық пен береке-бірлікті көрсетеді.

Ұлыстың ұлы күні елдік, бірлік, берекелік, сипатын былай қойғанда, оның құндылығы сол – адамзатты инабаттылыққа, адамгершілікке, иманжүзділікке, ізгілікке баулиды.

Қадірлі жерлестер!

Ежелден жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болған әз-Наурыз қажырлы еңбектеріңізге толағай табыстар әкелсін.

Еліміздегі тұрақтылық тұғыры бекемделіп, бақ-берекеміз арта берсін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, ағайын!

Жансейіт Түймебаев,
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі

Пікір жазу