Қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің мамыр айында тұрғындармен кездесуі нәтижесінде нақтыланған 143 тапсырманың бүгінгі таңда 131-і орындалды, қалған 12 тапсырма қаржы қажет етуіне байланысты құжаттандыру сатысында. Бұл жөнінде бөлім басшылары кезекті лездемелік мәжілісте мәлімет ұсынып, есеп берді, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Түркістан Қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Құжаттандыруды қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Бексұлу Сүлейменованың мәлімдеуінше, облыс әкімінің хаттамалық тапсырмаларының орындалуын бақылау кестесінде нақты 7 тапсырма қалып отыр. Оның 4-уі тұрақты, 3 тапсырманың мерзімі бар. Кешіктірілген немесе орындалмаған тапсырмалар жоқ.
Қала әкімі тарапынан берілген хаттамалық 20 тапсырма да талданып, атқарылу сатысы сараланды.
Жалпы соңғы екі жылда қала әкімінің тұрғындармен түрлі деңгейде өткізген кездесулерінде 1086 тапсырма нақтыланып, 1082-нің орындалуы бойынша мәлімет ұсынылған. 4 мәселе даму жоспарына енгізіліп, кезеңімен жүзеге асырылады.
Орындалу мүмкіндігі жоқ өтініштердің иелеріне мәселенің заңдылығы түсіндіріліп, тыңдау хаттамасы түзілген.
Нұрбол Әбдісаттарұлы жауаптыларға тұрғындардың ұсынысымен атқарылған жұмыс сапасын кері байланыс арқылы тексеруді тапсырды.
© Didarbek.kz