Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Төлеби ауданында «Таза Қазақстан» республикалық науқаны жалғасын тауып, бұл бағыттағы жұмыстар жүйеленді. Акция барысындағы атқарылған жұмыстарды талдау мақсатында аудан әкімі Төлеген Телғараевтың басшылығымен жиын өтті, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Төлеби Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Басқосу барысында аудан аумағында тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттырып, қоршаған ортаны таза ұстауға бағытталған іс-шаралардың атқарылуы жөнінде аудан әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаев баяндама жасады. Жиынға әр округтегі ардагерлер ұйымының төрағалары, ауыл билері, белсенді жастар, білім беру ұйымдарының басшылары, имамдар қатысты.
Аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы таулы аймаққа туристтер көп келетінін, аудандағы осы саланы дамыту үшін ең алдымен тазалық, абаттандыру жұмыстарын үздіксіз жүргізуді тапсырды. Қазіргі кезде аудандағы 1 қала, 12 ауылдық округтегі 500 ден астам көшелерде аптасына үш күн қатарынан тазалық шаралары жүргізілуде. Іс-шараға негізінен мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлері белсене қатысуда.
Аудан басшысы дербес бөлім, мекеме қызметкерлеріне, қала, ауылдық округ әкімдері мен мамандарына өздеріне белгіленген аумақты таза ұстап қана қоймай, тазалық сақтау бойынша насихат жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
– Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына туған жерін түлетуді мақсат еткен әрбір азамат ат салысуы қажет. Елді мекенге жолдар, ішкі көшелер, өзен жағалауларында тазалық шаралары жүйелі түрде жүргізілуі керек. Акция аясында аптаның әр жұма күні жалпы аудандық тазалық шаралары өткізіледі», деді аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы.
Мәжіліске қатысқан аудандық полиция бөлімінің басшысы, полковник Бауыржан Зиятаев «Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 434-2-бабы «Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау», және 505 бап «Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру» фактілеріне сәйкес айыппұл салынатынын ескертті. Аудан аумағында жүргізілген тексерулер нәттижесінде 2 693 950 теңге айыппұл салынған.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі «Таза Қазақстан» экоакциясы аясында атқарылған жұмыстарға апта сайын талдау жүргізілетінін, жұмыс нәтижесімен қала, ауылдық округ әкімдерінің рейтингтік көрсеткіштері бағаланатынын айтты.
© Didarbek.kz