Қазығұрт ауданы Түркістан өңіріне аграрлы бағытты ұстанған аудан ретінде танылып кеткен, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Қазығұрт Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Дегенмен, соңғы жылдары Қазығұртта кәсіпкерлік бағыты да қарқынды дамып келеді. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмектер мен қолдауларды ұтымды пайдаланып жүрген қазығұрттық кәсіпкерлер әртүрлі бағытта өнімдер шығарып жатыр. Соның бірі, ұнтақтайтын болат шарлар өндірісін бастағалы отырған “Билол” жеке кәсіпорыны. Атаулы кәсіпорын іске қосылған сәтте 45 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, жылына 5-6 мың тоннаға дейін өнім өндіруге қауқарлы болады.
Аудан әкімі Азизхан Исмаилов іс жоспарына сай, атаулы “Билол” кәсіпорынына арнайы барды. Кәсіпорынның басшысы Ильяс Саиповпен кездесіп, құрылысы барысын көрді. Сондай-ақ, өндіріс орынының материалдық базасымен танысып, оң баға берді. Ендігі кезекте кәсіпорынды тез арада іске қосу қажеттігін айтты. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдауға үлкен көңіл бөлініп жатқандығын тілге тиек етіп, бұл бағытта қандайда бір мәселелер туындаса бірге шешуге дайын екендігін жеткізді.
© Didarbek.kz