Шымкентте өтетін “Ордабасы” — “Петрокуб” футбол матчында қауіпсіздік шаралары күшейтіледі, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 10 шілдеде Қажымұқан Мұнайтпасұлы атындағы Орталық стадионда жергілікті және Молдава командалары арасында УЕФА Чемпиондар Лигасының бірінші іріктеу кезеңінің матчы өтеді.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің төрағалығымен өткен жиында қауіпсіздік шаралары пысықталды.
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін ойынға дейін мынадай сақтық шаралары жасалады.
— металл қоршауларды орнату
— әр көрерменде /жанкүйер/ жарылғыш құрылғылары мен арнайы құрылғылардың бар-жоғын мұқият тексеру
— қолында шыны бөтелкелері бар көрермендер/жанкүйерлер/ стадионға жіберілмейді;
— пластикалық бөтелкелерге де арнайы талаптар қойылады.
Стадионға кірер алдында ескертпелер көрермендерге/жанкүйерлерге/ хабарланады.
Ойыншылар мен жанкүйерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін стадионда Төтенше жағдайлар департаментінің экипаждары бар өрт сөндіру техникалары және дәрігерлік бригадалары бар жедел жәрдем қызметі кезекшілік етеді.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылғы 27 шілдедегі матчта УЕФА конференциялар Лигасы аясында “Ордабасы” (Шымкент) командасының жанкүйерлері пластикалық бөтелкелер мен тастарды лақтырып, қарсылас команданың ойыншыларына қарсы лазерлерді қолданып, “Легия” (Варшава) командасының жанкүйерлерімен қақтығысқа түскен кезде клубқа ірі көлемде айыппұл салынды. Мұндай бұзушылықтар қайталанған жағдайда келесі матч көрермендерсіз өтеді, ал Қажымұқан атындағы орталық стадион екі жылға сынақ мерзіміне қойылады. Жанкүйерлерден стадиондағы адамдардың қауіпсіздігіне қатысты тиісті талаптарды ескеруді сұраймыз!
© Didarbek.kz