Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Жетісай ауданы аумағындағы қала, кент және барлық ауылдық округтерде жаппай сенбілік ұйымдастырылып, тазалық жұмыстарын жүргізу ісі кеңінен қолға алынуда, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аудан тұрғындары арасында көшелер мен елді мекендердегі тазалықты сақтау жұмыстарына жұмылдыру ісіне аудандық «Нұғман» орталық мешітінің имамдары мен мешіт жамағаты да атсалысып, мешіт маңындағы көшелерге, гүлзарлар мен автотұрақ орындарын күл-қоқыстардан, шөптерден тазартты.
–Мемлекет басшысымыздың бастамасымен бастау алған тазалық жұмыстарына қатысушы мешіт жамағатының саны да күн санап артып келеді. Бұл – тұрғындардың туған өлкеге деген махаббаты, жанашырлығы деп білеміз. Қазірде аудандағы барлық мешіттердің аумағында тазалықты сақтау мақсатында арнайы кестелер бекітіліп, санитарлық тазалық жұмыстарын тынымсыз жүргізіп жатырмыз, – дейді Жетісай ауданы бас имамының міндетін уақытша атқарушы Бағдат Шаймерден.
Шараны ұйымдастырушылар сенбілік жұмыстары тек орталықтардағы мешіттерде ғана емес барлық округтердегі елді мекендерде жыл он екі ай жалғасатындығын айтады.
© Didarbek.kz