Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 11 маусымдағы №189 бұйрығымен «Кәсіптік мерекелер тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары — Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы №258 бұйрығына өзгерістер енгізіліп, 10 шілде «Ветеринария қызметкерлері күні» болып бекітілді, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Төлеби Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мерекеге орай, аудандық Мәдениет үйінде салтанатты жиын өтіп, аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев сала мамандарына аудан әкімінің, облыстық басқарманың «Алғыс хатын» табыс етті. Жануарларды аурулардан қорғау және оларды емдеу; халық денсаулығын жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғау, ветеринариялық-санитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында еңбек етіп жүрген мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтаған Сержан Дауылбайұлы жауапкершілігі жоғары қызметтеріне сәттілік тіледі.
«Ауыл шаруашылығын, оның ішінде мал шаруашылығын негізгі күн көрісі еткен қазақ халқына сала мамандарының қызметі күнделікті қажет. Қолдағы малың ауру болса оның дерті адамдарға жұқпай қоймайды. Сондықтан қолдағы барлық жануаралардың денсаулығын тексертіп, емдетіп, болуы мүмкін ауруларға қарсы ем-дом қолданудың ешқашан артығы болмайды. Әсіресе, біз сияқты малды көп өсіретін ауданда жануарлардың денсаулығын қадағалап, олардан алынатын өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосатын сала мамандарының еңбегі ерекше қажет, деді құттықтау сөзінде аудан әкімінің орынбасары.
Салтанатты жиын мерекелік концертке ұласып, аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері әуелете ән шырқап, ветеринария саласы мамандарына деген құрметін көрсетті.
© Didarbek.kz