VIII «Азия балалары» халықаралық ойындарының күміс жүлдегері Құдірет Ерімбетовті түркістандықтар құрмет-қошеметпен күтіп алды, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Түркістан Қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түркістан темір жол вокзалына жүлдегерді қарсы алуға қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы мен қалалық мәслихат депутаты Жандос Арыстанов қатысып, спортшыны жеңісімен құттықтады.
Айта кетейік, Ресей Федерациясының Якутск қаласында өткен дүбірлі жарыста түркістандық балуан 38 келі салмақта бақ сынап, күміс медальға ие болды. Жарыста чемпиондар мектебінің спортшысы Тәжікстан, Беларусь, Ресей, Әзірбайжан елдерінің спортшыларын жеңіп, финалдық белдесуде өзбекстандық қарсыласқа ғана есе жіберді. Жеке бапкері — Асхат Орынбасаров.
Жас спортшы Құдырет Ерімбетов бұған дейін облыстың жеңімпазы, Қазақстан Республикасының 2 дүркін және халықаралық турнирлердің жүлдегері атанып үлгерген.
Түркістанның мақтанышы Құдірет Базарбекұлы 10 жасынан бастап грек-рим күресімен айналысып келеді. Әбдісалан Нұрмаханов атындағы ОРМБЖСМ-ның жас спортшысы. Сонымен қатар, облыс орталығындағы Жұмабек Еділбаев атындағы №18 мектеп-гимназиясының 9-сыныбында білім алады.
© Didarbek.kz