Шымкент қаласының әкімдігі Кең баба саябағын мемлекет меншігіне қайтаруда белсенді жұмыстар атқаруда, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Қазір бұл мәселе бойынша бірнеше сот отырысы өтіп, нәтижесінде Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 10 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі расталып, өзгеріссіз қалды.
Дегенмен, әкімдік тарапынан атқарылатын жұмыстар көп.
Естеріңізге сала кетейік, 1999 жылы Шымкент қаласы әкімінің шешімімен жалпы көлемі 3,9272 га жер телімі «ЧПКФ «Сапар» ЖШС-не балалар саябағының аумағында балалар мен жасөспірімдерге эстетикалық және мәдени тәрбие беру орталығын ұйымдастыруға 15 жылға дейін уақытша пайдалануға берілген болатын.
Өкінішке орай, бастапқы жоба орындалмай саябақ аз уақытта үлкен қоғамдық тамақтану алаңына айналды. Коммерциялық пайдалану барысында ғасырлар бойғы емен ағаштары кесіліп, саябақтың кей аумақтары бетондалып, плиткалар төселіп, уәде етілген балалар орталығы жасалмады. Тегін ойын алаңдары, әткеншектер мен құмсалғыштар да қиратылды.
Уақыт өте саябақта сауда нысандары көбейіп, санитарлық жағдай нашарлап, азаматтардың наразылығын туғызды. Қоғамдық пікірді ескере отырып, әкімдік саябақты мемлекет меншігіне қайтару процесін бастады. Себебі, 1999 жылы белгіленген жалға беру мерзімі әлдеқашан аяқталған болатын.
© Didarbek.kz