Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » «ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТАРЫМЕН ҚОҒАМ БОЛЫП КҮРЕСУІМІЗ КЕРЕК»

«ИНТЕРНЕТ АЛАЯҚТАРЫМЕН ҚОҒАМ БОЛЫП КҮРЕСУІМІЗ КЕРЕК»

Соңғы кездері қоғамда интернет-алаяқтықтың сан түрі кездесуде. Кибер қылмыскерлер өздерінің алаяқтық сұлбаларын әркез жетілдіріп отырады. Тұрғындар арасында алаяқтардан зардап шегушілерді де жиі кездестіреміз. Бұл орайда қылмыстың алдын-алу, ақпараттандыру жұмыстарының маңызы зор. Интернет-алаяқтықтың профилактикасы және оған қарсы іс-қимыл туралы халықты егжей-тегжейлі ақпараттандыру мен цифрлық сауаттылықты арттыру бойынша қала әкімдігінде арнайы семинар өтті.
Қалалық цифрландыру басқармасы ұйымдастырған іс-шараға Полиция департаментінің арнайы өкілдері, ЖОО-ның тәрбие ісі жөніндегі проректорлары, жастармен жұмыс жасайтын комитет төрағалары, «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшылық құрамы қатысты.
Шымкент қаласы ПД КПБ аға жедел уәкілі, полиция майоры Нұрсұлтан Жұмабай баяндама жасап, интернет алаяқтықтың негізгі түрлері, одан сақтанудың жолдарын түсіндіріп берді. Н.Жұмабайдың айтуынша, интернет алаяқтықтың басқа қылмыстардан басты ерекшелігі – қашықтықтан жасалуында. Және бүгінгі уақытта негізінен бес кең тараған түрі бар. Атап айтқанда, ұялы телефонға хабарласып, өздерін банк өкілімін деп таныстыратын, іс-әрекеті күмәнді жағдайларға жиі куә болып жүрміз. Интернет желісінде түрлі танымал компаниялардың атын жамылып, инвестиция құюға шақырады.
Сондай-ақ, интернет-алаяқтық істер «Инстаграм» әлеуметтік желісі, «Колеса», «ОЛХ», «Крыша» секілді сайттар мен «Каспий», «Еуразия», «Халық» интернет банкингтерін қолдану арқылы жасалады. Интернет-хабарландырулар бойынша тауар мен қызмет үшін алдын ала төлем не толық сома алу, микрокредиттік ұйымдардың сайттарында жалған онлайн-қарыздар ресімдеу, банк қызметкерінің атынан қоңырау шалу арқылы банк шоттарынан ақша қаражатын жымқыру жағдайлары кезігуде.
– Кибер қылмыскерлер өздерінің алаяқтық сұлбаларын әркез жетілдіріп отырады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша интернет алаяқтары келтірген шығын көлемі 900 млн теңгені құрайды. Бұл – үлкен мәселе. Алдын алу бағытында департаменттің киберпол тобы және прокуратура өкілдерімен меморандум түзілген. Прокуратура өкілдерінің бізге көп жәрдемі тиюде. Интернет-алаяқтар күнде жаңа әдіс ойлап табады. Біз олардан қалмай, керісінше олардың алдында жүруіміз керек. Бүгінде жастармен, оқу орындарымен жиі кездесулер өткізілуде. Аталған қылмыспен барлығымыз жұмыла, бірлесе күресуіміз керек, – деді Н.Жұмабай.
Егер сіз интернет алаяқтықтың құрбаны болғыңыз келмесе, күмәнді қоңыраулар, сілтемелерден аулақ болыңыз. Ендігі ретте қала тұрғындарының цифрлық сауаттылығын арттыру, ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жандандырудың маңызы зор.
Семинарда қылмыстың алдын-алу тақырыбында бейнеролик көрсетіліп, қатысушылар бірқатар ұсыныстарын жеткізді.

Пікір жазу