Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ЕҢБЕКШІ АУДАНЫНДА ЖАҢА ГҮЛЗАР АШЫЛДЫ

ЕҢБЕКШІ АУДАНЫНДА ЖАҢА ГҮЛЗАР АШЫЛДЫ

Еңбекші ауданындағы Жібек жолы — Сайрам көшелері қиылысында тағы бір жаңа гүлзар ашылып, пайдалануға берілді. Жаңа әлеуметтік нысан кәсіпкерлер тарапынан іске асырылып отыр. Аумағы 1,1 гектар гүлзарда тұрғындарға барлық қолайлы жағдай жасалған. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жаңа гүлзардың ашылуына қатысып, тұрғындармен кездесті.

Ауданда 2022 жылы «Қазақстан-Түркия достығы» саябағы тұрғындар игілігіне берілген еді. Биыл тағы бір жаңа гүлзар тұрғындарға қуаныш сыйлады. Жаңа нысан – BI group компаниясының қалаға сый ретінде тартуы. Жұмысшылар құрылысты 1,5 ай ішінде қала күніне орай аяқтады және аллея BIG TULIP атауын иеленген. Tulip сөзінің аудармасы қызғалдақ деген мағына береді. Аллеяға кіреберістегі 5 қызғалдақ түнде жарқырап, қаланың көркін артырады. Компания өкілі Қайрат Қуанышбаевтың айтуынша, қыркүйек айында тағы бір жоба тапсырылмақ.
Бұған дейін заңсыз сауда нысандары болған аумақ осылайша абаттанған орынға айналды. Қала әкімі тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру жұмыстары одан әрі жалғаса беретінін айтты.
– Өздеріңіз білесіздер, бұндай нысандарға бюджеттен қаржы бөлініп жатқан жоқ. Бәрі де кәсіпкерлердің өз бастамасымен, сый ретінде салынуда. Осы іске үлес қосқан сіздерге де рақмет. Игіліктеріңізге пайдаланыңыздар. Жақсы орындар көбейе берсін. Енді осы нысанды өздеріңіз күтіп-ұстаңыздар. Жалпы халықтың да тазалыққа деген санасы өзгеруі керек. Қазір қалада субұрқақтардың ескірген насостарын ауыстырып жатырмыз. Жақын арада оны да іске қосамыз, – деді қала әкімі тұрғындармен кездесуде.
Өз кезегінде қала тұрғындары да шаһар басшысына ризашылығын айтты. Осындай жаңа гүлзарлар көптеп ашылғалы жастардың, тұрғындардың да тазалыққа деген ойы өзгере бастағанына жеткізді.
Қалада құрылған қоғамдық кеңістіктер қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы орта болумен қатар, микроклиматты қалыптастыруда зор маңызға ие. Қалада бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, жасыл аймақтар көлемі ұлғаятын болады. Еске сала кетсек, осыған дейін Қошқар ата өзенінің бойы абаттандырылып, демалушыларға жағдай жасалған еді. Сонымен қатар, Түркістан, Желтоқсан көшелерінің бойында құрылған гүлзар бұл күнде тұрғындардың сүйікті орнына айналып үлгерген.
Қызғалдақ – қаламыздың символы. Big Tulip атауы адамдардың назарын осы әдемі гүлге аударуды көздейді.

 

Пікір жазу