“Таза Қазақстан” республикалық акциясы аясында бүгін Шымкент қаласының аудан аумақтарында тазалық жұмыстары жүргізілуде. Қаратау ауданының Нұрсәт шағынауданындағы №37-39 үйлер маңайында өткен экологиялық акцияға аудан әкімі аппараты, «Қаратау» КММ және аудан аумағындағы кәсіпкерлер мен тұрғындар, ардагерлер – барлығы 300-ден аса адам қатысты.
– Президентіміз Қ.Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясына Шымкент қаласы Қаратау ауданының ардагерлері қолдап-қуаттап келеміз. Ерте көктемнен бастап іс-шараға белсене қатысып, жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, оларды тазалық акциясына қатысуға шақырып жүрміз. Тазалық – мәдениеттіліктің белгісі, денсаулықтың кепілі. Өзіміз ауасын жұтып, өмір сүріп жатқан ортамыздың таза болуы, жасыл желекке айналуы өз қолымызда. Бізге сырттан басқа біреу келіп істеп бермейді. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», сондықтан бәріміз бірге қаланы гүлдендіргенге не жетсін?! – дейді Қаратау ауданы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Пердеш Есенбеков.
Акцияға қатысушылар көп қабатты үйлердің аулаларын тазалап, шөп орды, көше бойы мен аяқжолдарды, ирригация жүйелерін қоқыстан тазартып, сыпырды.
Тазалық жұмыстарына «Қаратау» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 12 арнайы техникасы жұмылдырылды.
Шымкентте табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы жалғасуда.
Атап айтқанда, Абай ауданындағы “Асар” аллеясында шағынаудан тұрғындары тазалыққа үлес қосты. Абай аудандық коммуналдық мекемесінің жұмысшылары да санитарлық тазалық жұмыстарын атқарды.
Асар шағынауданындағы “Ел аманаты” қоғамдық ұйымының төрағасы Сейдахмет Мамырбаевтың айтуынша, тұрғындар әр сенбі сайын аллеяны, көшелерді тазалауда белсенділік танытып келеді. Наурыз айынан бастап шағынаудандағы 62 көшеде тазалық жұмыстары ұдайы өткізілуде.